Accessibility links

BBC "Вагнер" тобының Украинамен соғысуға жалдамалы әскер жинап жатқанын хабарлады


"Вагнер" деп аталатын жеке әскери компания Украинамен соғысуға баратын жалдамалы қызметкерлерді жаппай жинай бастады. Бұл жөнінде британдық BBC-дің Орыс қызметі жазды.

Бірнеше ай бұрын аталған әскери топ Ресейде туған азаматтардан бөлек ешкімді қабылдамаған. Тек азаматтардың сотталғаны, қарызы болуы немесе шетел паспортының болмауы қабылдауға кедергі келтірген. Ал қазір оған Қырым, Донбастағы жікшіл республика тұрғындары мен қарызы барларды да, бұрын топта жазаланған адамдарды да алуға даяр.

Жалдамалы әскер құрамына кірген бір солдат BBC-дің Орыс қызметіне ардагерлер чатында тараған хабарламаны жіберген. Ондағы ақпаратқа қарағанда чаттағыларды "серуенге шығып, шошқа майын жеуге" шақырған.

"Жұмыс таба алмай жүргендер болса – хабарласыңдар. Қандай да бір себеппен жұмыстан шығып қалғандар болса– хабарласыңдар" деп жазылған хабарламада. Азаттықтың Орыс қызметі көрген соған ұқсас тағы бір жазбада "фильтрдің алынып тасталғаны" жазылған.

BBC-дің дереккөзі, жуырда Украинамен шекарада болған жалдамалы қызметкер "Вагнердің" негізгі құрамы соғысқа әлі кіріспейтінін айтқан.

  • 11 наурызда Ресей басшысы Владимир Путин Қауіпсіздік кеңесінің отырысында қорғаныс министрлігі Украинамен соғысқа "еріктілерді" тарта алады деп мәлімдеген. Қорғаныс министрі Сергей Шойгу бір ғана Таяу Шығыстан Ресей жағында соғысу үшін 16 мың өтініш келіп түскенін хабарлаған.
  • Ресей Украинаға 24 ақпанда басып кірген. Украина қорғаныс министрлігінің айтуынша, Ресей жағы соғыста көп шығынға ұшыраған - кемінде 12 мың солдатынан айырылған. Дегенмен Азаттық бұл ақпаратты тәуелсіз ақпарат көздерінен растата алмады. Ресей жағы адам шығыны жөнінде тек бір рет қана есеп берген. 2 наурызда Ресей билігі екі мыңнан астам адам қаза болды деп айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG