Accessibility links

Қазақстандық тағы бір әуе компаниясы Ресейге ұшуын тоқтатты


Қазақстандық Qazaq Air әуе компаниясы 12 наурыздан бастап Ресейге ұшатын рейстерін тоқтатты. Компания мұндай шешімді Ресей әуе кеңістігін сақтандыру мәселесінің туындауымен байланыстырды.

"Сақтандыру ұйымынан Qazaq Air әуе компаниясына Ресей аумағы мен оның әуе кеңістігін сақтандырмайтыны туралы ескерту хат келіп түсті. Соның салдарынан әуе компаниясы мәселе шешілгенге дейін Ресейге ұша алмайды" деді компания өкілдері.

12 наурызда компанияның Новосибирскіге баратын ұшағы ұшпай қалды. Компания жолаушыларға билет құнын өтеп беретінін айтты.

11 наурызда қазақстандық Air Astana әуе компаниясы да сақтандыру мәселесіне байланысты Ресейге ұшуын тоқтатқан.

Дәл сол күні SCAT компаниясы Ресейге ұшатын рейстерін көбейтетінін мәлімдеп, бұл бағыт бойынша "халық сұранысы көп болғандықтан" қосымша рейстер шығаратынын айтқан.

Кейінгі кезде Қазақстан мен Ресей арасында әуе қатынасы баяулаған. Осыған дейін ресейлік S7 Airlines және "Аэрофлот" та Қазақстанға ұшуын доғарған. Оның алдында Росавиация әуе компанияларға шетелдік рейстерді тоқтатуға кеңес берген. Себебі Батыс санкциясынан кейін лизингке техника беретін компаниялар ресейлік компаниялармен келісім-шартын үзіп, ұшақтарды қайтаруға мәжбүр болған.

Қазіргі кезде ресейлік тасымалдаушылар пайдаланатын 980 ұшақтың 777-і лизингке алынған, 515-і яғни, жартысынан астамы шетелдік компаниялардан жалға алынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG