Accessibility links

Киев маңында шайқас жүріп жатыр. Украина Ресейді бейбіт тұрғындар паналаған мешітке шабуыл жасады деп айыптады


Мариупольде қираған ғимараттар.
Мариупольде қираған ғимараттар.

Киевтің солтүстік-батысындағы елді мекендерде шайқас жүріп жатыр. Ұлыбритания қорғаныс министрлігі Ресей әскерінің негізгі бөлігі қазір Украина астанасынан 25 шақырым жердегі аумаққа шоғырланғанын хабарлады. Ал танктер мен артиллериялар қоршалған аудандарды атқылап жатыр.

Ақпаратқа қарағанда, 12 наурызда таңертең Украинаның бірнеше қаласында адамдарға тығылу жайлы белгі беретін дабыл қағылған.

Киевтің оңтүстігіндегі әскери аэродромды ресейліктер зымыранмен атқылады деп айтылады. Васильков мэрі шабуылдың салдарынан әуежайдың ұшу-қону жолағы мен отын сақтайтын қоймасы бұзылғанын, оқ-дәрі қоймасы жарылғанын хабарлады.

Украина вице-премьері Ирина Верещук 12 наурызда бейбіт тұрғындарды бірнеше гуманитарлық дәліз арқылы көшіруге жағдай болар деп үміттенетінін жеткізген.

Алайда Киев облысының губернаторы эвакуация басталған кезде де атқылау тыйылмағанын, әуеден де соққы беру қаупі туындағанын айтты.

Мариупольде атыстың тоқтамауы қалаға азық-түлік пен су жеткізуге және бейбіт халықты көшіруге кедергі келтірген.

Украина сыртқы істер министрлігі 12 наурызда Ресей әскері Мариупольдегі мешітті атқылады деп мәлімдеді. Мешітте 80-нен астам адам болған, арасында балалар да бар. Кейбірі – Түркия азаматтары. Министрлік адам шығыны бар ма, жоқ па, ол жағын айтпады.

Қала билігінің мәліметінше, қоршауда қалған қалада 12 күн ішінде 1500-ден астам адам қаза болған. Атқылау үзілмегендіктен қаза болғандардың денесі жер қойнауына тапсырылмаған.

Осы аптада халықаралық қауымдастық Ресей әскерінің Мариупольдегі перзентхананы атқылауын айыптап, Мәскеуді әскери қылмыс жасады деп кінәлаған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Украинада 29 медицина мекемесіне шабуыл жасалғанын растады. Соның салдарынан 12 адам қаза болған, арасында екі медицина қызметкері бар. 34 адам жараланған.

Украина билігі Ресейді елдің оңтүстігіндегі Николаев елді мекенінде бірнеше тұрғын үй мен онкологиялық диспансерді артиллериямен атқылады деп айыптады. Аурухананың бас дәрігерінің айтуынша, шабуыл кезінде ауруханада бірнеше жүз адам болған. Адам шығыны жайлы мәлімет жоқ.

Ресей әскері Киевтің оңтүстігіне қарай 470 шақырым жердегі Николаев елді мекеніне шабуылын үдетіп, қаланы қоршауға тырысып жатыр.

Соғыстың салдарынан Украинадан 2,5 млн адам босып кеткен.

Киевтің солтүстік-батыс жағындағы елді мекендерде шайқас жалғасып жатыр, ал қоршауға қалған Харьков, Чернигов, Сумы және Мариуполь қалалары атқылауға ұшырады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG