Accessibility links

Қытай консулдығы алдындағы 400 күн. Шыңжаң абақтысында отырғандар бостандыққа шыға ма?


Полиция Шыңжаңда қамалған үш ұлын қайтаруды талап етіп, Қытай консулдығы алдында 300 күннен астам уақыт наразылық жасап жүрген Халида Ақытханды ұстап жатыр. Алматы, 8 желтоқсан 2021 жыл.
Полиция Шыңжаңда қамалған үш ұлын қайтаруды талап етіп, Қытай консулдығы алдында 300 күннен астам уақыт наразылық жасап жүрген Халида Ақытханды ұстап жатыр. Алматы, 8 желтоқсан 2021 жыл.

Шыңжаң абақтысында отырған туыстарын босатуды талап еткен топтың Алматыдағы Қытай консулдығы алдындағы наразалық өткізіп жүргеніне бүгін, 14 наурызда 400 күн болды.

400 күннен бері тоқтаусыз наразылық шарасын өткізіп келе жатқан Халида Ақытхан, Байболат Күнболатұлы, Нұрзат Ермекбай, Гүбаран Өмірәлі Ақиқат Халиолла,Гүлфия Қазыбек және Алмахан Мырзан бүгін де Қытай консулдығы алдына келмек болған.

Азаттық тілшісімен сөйлескен Байболат Күнболатұлы бұл жолы елшілікке жете алмай, Медеу аудандық полиция бөлімінде отырғанын айтты. Оның сөзінше, плакат ұстап, жаяу келе жатқан топ адамды полиция қызметкерлері Қытай консулдығына жеткізбей тоқтатқан.

– Алдымыздан полицейлер мен қала әкімдігінің бір өкілі шығып, әрекеттеріңіз заңсыз, тараңыздар деді. Алайда, кері қайта бастағанымызға қарамастан ұстап әкетті. Кәмелетке толмаған баласын ескеріп, Гүлфия Қазыбекті ғана босатты,- дейді ол.

Медеу аудандық полиция басқармасы бұл туралы ақпарат беруден бас тартты.

"Қытайда туысымыз заңсыз қамалып отыр" деп жүрген бір топ адам бұған дейін Қытайға қатысы бар Қытай банкі және Sinooil жанармай станциясына да барып, наразылық білдірген.

Оларға әлі күнге Қытай тарапынан жауап болған емес. Сонда да туысымыз бостандыққа шығар күн болар деп үміттенеді.

Қытай 2017 жылдан бері Шыңжаңдағы аз ұлттардың тілі мен дініне қысым жасап, бейресми түрде "саяси лагерь" аталып кеткен орталыққа қамай бастаған еді. Кейбірін түрлі себептермен көп жылға соттаған.

Қытайдан түрлі жолдармен сонда тұратын қазақтар қашып та келген. Кейбірі Қазақстанда қалса, кейбірі саяси баспана ала алмай шетелге кеткен.

Батыс елдері мен халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары Қытай билігі Шыңжаңда миллионнан мұсылмандарды жазықсыз қамап отыр деп мәлімдеген. Қытай саяси лагерьлерді "кәсіп меңгеру орталығы" дейді, Шыңжаңдағы әрекетін "экстремизммен күрес" деп атайды.

АҚШ билігі Қытай Шыңжаңда ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды қудалап, олардың дінін, тілі мен ділін жоюға тырысып жатыр деп мәлімдеп, санкция салды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG