Бүгін, 14 наурызда Қаңтар оқиғасынан кейін "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп айыпталған Ақтөбе кәсіпкері Қуат Шамұратовтың туыстары облыс прокуратурасына барып, тергеу барысына наразылықтарын айтты.
Прокуратураға 10-15 адам жиналды. Олар "Шамұратовты азаптап, соққыға жыққан" арнайы жасақ қызметкерлерінің 2,5 айдан бері қамалмағанына да наразы.
- Інімді автозактың ішінде ұрып, миын шайқаған полицияның екі қызметкері үстінен қылмыстық іс қозғалған. Бірақ екеуі де жұмысында жүр. Себебін прокуратура қалай түсіндірер екен?! Есесіне алаңдағы жұртты сабырға шақырып, заң аясында әрекет етуге үндеген інім қамауда отыр. Арнайы жасақ соққыға жыққан кезде інімнің миы шайқалған, қабырғасы майысып, өкпесін қысқан. Қазір тыныс алуы қиын, қан қысымы жоғары. Үнемі басы ауырады. Інімді үйқамаққа жіберсін! - дейді Қуат Шамұратовтың әпкесі Ақсүйрік Шамұратова.
Наразылармен кездескен прокуратура қызметкерлері Қуат Шамұратовты соққыға жыққан арнайы жасақтың екі қызметкері тергеліп жатқанын, олардың үстінен ҚР Қылмыстық кодексіндегі 146-бабы бойынша ("Азаптау") іс қозғалғанын растады.
"Тергеу аяқталған жоқ. Қылмыстық істі қараудың заңда көрсетілген тәртібі бар" деген прокурорлар наразыларды бір сағаттан соң шығарып салды.
Жеке кәсіпкер Қуат Шамұратов алғаш рет 2020 жылғы ақпан айындағы наразылық кезінде белсенділігімен көзге түскен. Туыстары содан бері әр митингі қарсаңында Шамұратовтың үйін полиция үнемі аңдып тұратынын айтады. Яғни, оның істі болуын белсенді азаматтық позициясымен байланыстырады.
44 жастағы Қуат Шамұратов – төрт баланың әкесі. Туыстарының сөзінше, Қуат Шамұратов он жылдан астам полицияның жедел уәкілі болған, кейін өз еркімен жұмыстан кетіп, кәсіпкерлікпен айналысқан.
Ақтөбедегі наразылық акциясынан соң 12 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу изоляторына қамалған. Одан бөлек сегіз ақтөбелік үйқамаққа алынған. Қозғалған қылмыстық іс саны - 14. Ақтөбе полициясының мәліметінше, оның екеуі терроризм бабымен тергеліп жатыр.
ПІКІРЛЕР