Accessibility links

Ресейді сынаған екі алматылықты сот бес жылға бостандығынан айырды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

14 наурызда Алматының Алмалы аудандық соты Ресейдің саясаты мен іс-әрекетін, соның ішінде Украинаға басқыншылығын сынаған қазақстандық блогер әрі белсенді Марғұлан Боранбай мен Данат Намазбаевты бес жылға бостандығынан айырды.

Сот ақпаратында "сотталушылар Б. мен Н. 2018 жылдан бастап әлеуметтік желідегі парақтарында ұлтаралық және әлеуметтік араздық қоздыратын, орыс ұлты өкілдерінің ұлттық ар-намысына тиетін жазбалар жариялаған" деп жазылған.

"Сотталушы Б. Facebook әлеуметтік желісінде өзін ұлт патриоты етіп көрсетіп, мемлекеттік құрылысты өзгертуге шақырып, билікті күшпен басып алуды, билікке Қазақстаннан тыс жердегі қылмыскерлерді әкелуді ұсынып, конституциялық құрылысты күштеп өзгертуді насихаттаған. Сотталушы Н. де Facebook парағында осыған ұқсас жазбалар жариялап, жемқорлықпен күресудің радикал шараларын ұсынған" деп хабарлады сот.

Сот екі азаматты да "билік басып алуға немесе күшпен алуға шақыру" бабы бойынша айыпты деп, ал Боранбайды "ұлт араздығын қоздырғаны" үшін кінәлі деп таныды. Екеуін де бес жылға бостандығынан айырған. Боранбайдың БАҚ және телекоммуникация желісін пайдаланып қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына үш жыл мерзімге тыйым салған.

Сотталушылар әлеуметтік желіде жазбаларды жазғанын мойындаған, бірақ өздеріне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеген. Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG