Accessibility links

Қарағанды әкімдігі белсендіге пикет өткізуге рұқсат бермеді. Ол Назарбаев көшесінің атын өзгертуді талап етпек болған


Белсенді Айтқожа Фазылов (оң жақта)
Белсенді Айтқожа Фазылов (оң жақта)

Қарағандылық азаматтық белсенді Айтқожа Фазылов Қарағанды қаласы әкімдігіне бір адамдық пикет өткізуге ескертпе бергенімен, пикет ұйымдастыруға рұқсат ала алмады. Белсенді пикетте Назарбаев көшесіне ескі "Бейбітшілік бульвары" атауын қайтаруды талап етпек болған.

Әкім орынбасары Нұрлан Бикенов қол қойған хатта әкімдік "пикет өткізуге рұқсат бере алмайтыны" жазылған, бірақ себебі түсіндірмеген.

Белсенді Айтқожа Фазылов бүгін, 15 наурызда әкімдікке пикет өткізгісі келетінін айтып, тағы да ескертпе қалдырды. Фазылов пикетті 19 наурызда 11.00-13.00 арасында өткізуді жоспарлайды.

- Жергілікті билік мені емес, заңды және президентті мазақтап отыр. Президент Тоқаев пикетке шығу үшін рұқсат керек емес, тек ескертсе болды деген. Тоқаев басқаша айтады, жергілікті билік басқа іс жасайды. Олардың маған берген жауабы күлкілі. Заңдағы "бір жерде бір уақытта пикет өткізуге болмайды" деген сөзді алып жауапқа жаза береді. Бірақ бұл жерде ешқашан пикет болған емес, - дейді Фазылов.

Азаттық тілшісі әкімдіктен "белсендіге пикет өткізуге басқа жерден неге орын берілмеді?" деп сұраған. Бірақ әкімдіктің ішкі саясат бөлімі бұл сұрақты жауапсыз қалдырды.

Әкімдік Фазылов сұраған жерде сол уақытқа басқа бір шара өткізуге өтініш түсіп қойған деп отыр. Жергілікті билік "Бейбіт жиындарды өткізу" заңындағы "бір уақытта бір жерде екі пикет өткізуге болмайды" деген бапқа сілтейді.

Қаңтарда белсенді Айтқожа Фазылов Назарбаев даңғылына бұрынғы атауын қайтаруды талап етіп, сотқа шағымданған. Бірақ сот бұл шағымды қараудан бас тартқан.

  • Қазақстанның экс-президенті Назарбаев елді отыз жылдай басқарып, 2019 жылы наурызда президенттікті Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырған. Назарбаев президенттіктен кеткен соң билікке ықпалын сақтап қалып, қалаларда оның атына көшелер берілді. Астана қаласының атауы "Нұр-Сұлтан" деп өзгертілді.
  • Биыл қаңтар оқиғаларынан соң елде ел астанасына қайтадан "Астана" атауын қайтару, Назарбаев атына берілген көшелерге ескі атауларымен қайта атау туралы талаптар айтыла бастады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG