Accessibility links

Тоқаев президентке шамадан артық өкілет беруден бас тарту қажеттігін айтты


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурызда халыққа жолдауында президент өкілетін қысқартып, парламенттің рөлін күшейту қажеттігін айтты. Ол президенттің жақын туыстарына мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда басшы қызметін атқаруға заңмен тыйым салынуы қажет деді. Ол президентке шамадан артық өкілет беруден бас тарту қажеттігін алға тартып, мұндай жүйе тиімділігін жоғалтты деді.

Жолдауда айтылған өзге де ұсыныстар:

  • Президенттің қандай да бір партияға мүше болуына тыйым салатын өзгерісті заңмен бекіту;
  • Орталық сайлау комиссиясы, конституциялық кеңес мүшелері және әкімдерге де партиядан шығу ұсынылды;
  • Президентті аудан және ауыл әкімдерін тағайындау құқығынан айыру;
  • Президент сенаттағы 15 емес, 10 депутатты тағайындауы керек;
  • Мәжілістегі Халық ассамблеясы атынан сайланған депутаттар сенатқа ауыстырылып, саны 9-дан 5-ке дейін азаяды.
  • "Республикалық бюджеттің сапалы орындалуын бақылауды" күшейту мақсатында Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құрылады;
  • Партияларды тіркеу үшін қажет қолдар саны 20 мыңнан 5 мыңға дейін азаюы қажет, ал партия құру үшін бастама топ кемінде 700 адамнан (қазір 2 мың) құралуы тиіс.
  • Конституциялық сот құру қажеттігі айтылды, оған бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл де жүгіне алуы қажет;
  • Мәжіліс депутаттарының 70 пайызын – пропорционалды, 30 пайызын мажоритарлық жүйе бойынша сайлау ұсынылды. Облыс және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарын аралас жүйе бойынша сайлау.
  • Мәжілістің рөлін күшейту қажеттігі айтылды, сенаттың заңдарды мақұлдауға не мақұлдамауға ғана құқығы болуы тиіс екені айтылды.

Сәрсенбі күні Тоқаев құқық қорғаушылар қатаң сынаған "Бейбіт жиын өткізу туралы" заңға тоқталып, құжат азаматтарға "кедергісіз митинг өткізуге мүмкіндік берді" деді. Ол заңды "демократиялық" қадам деп бағалап, азаматтық құқықтарын талап еткен азаматтарды "арандатуға бейім топ" деп атады. Ол аталған заң мүлтіксіз орындалуы тиіс деп "бұдан әрі босаңсу болмайды" деді.

2020 жылы мамырда қабылданған заңды құқық қорғаушылар мен белсенділер азаматтардың пікір айту және жиналу құқығын шектейтін құжат деп атап, қайта қарауды талап еткен.

Биыл Қаңтар көтерілісінен кейінгі мәлімдемелерінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы наурыз айында саяси реформалар пакетін ұсынатынын хабарлаған. Алайда ол БАҚ-қа берген сұқбатында "түбегейлі өзгерістер болмайтынын" айтқан. Кейбірі Тоқаевтың мәлімдемесінен оң өзгерістер күтсе, кейбірі скептицизммен қараған.

16 наурызда Тоқаев жолдауынан кейін кейбір белсенділер мен журналистер әлеуметтік желіде жолдауға көңілдері толмайтынын айтып, "баяғы жартас – сол жартас" күйінде қалатынын айтып қамықты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG