Accessibility links

Шымкентте қаңтар оқиғасынан соң қамалған көп балалы ана абақтыдан шықты


Көп балалы ана, белсенді Карима Хайдарбекова. Шымкент, 4 қаңтар 2021 жыл.
Көп балалы ана, белсенді Карима Хайдарбекова. Шымкент, 4 қаңтар 2021 жыл.

Қаңтар оқиғасына қатысқаны үшін төрт қылмыстық іс қозғалып, қамалған көп балалы ана Карима Хайдарбекова 15 наурыз күні кешке абақтыдан босап шықты. Прокуратура оның үстінен қозғалған қылмыстық істерді саралап, «Жаппай тәртіпсіздік» бабын ғана қалдырған.

Хайдарбекованың айтуынша, Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» (293-бап), «Ғимараттарды, құрылыс нысандарына шабуыл жасау» (269-бап), «Билік өкіліне күш қолдану» (380-бап) және «Бөтеннің мүлкін қасақана жою» (202-бап) баптары алынып, «Жаппай тәртіпсіздік» бабымен (272-бап) ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Қазір үйінде, балаларының арасында.

- Қазір ештеңе айта алмаймын. Шынымды айтсам әлі қамаудан шыққаныма сенбей, есеңгіреп тұрмын, - дейді ол Азаттыққа.

Карима Хайдарбекова - Шымкенттегі Қаңтар оқиғасына байланысты қамалып, босатылған екінші белсенді. Бұдан бұрын белсенді Нұрлыбай Татаевтың ісін прокуратура саралап, «Жаппай тәртіпсіздік» бабымен босатқан.

Шымкентте Қаңтар оқиғасына байланысты жеті белсендінің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Олардың бесеуі - Ерғали Құлбаев, Қайрат Сұлтанбек, Ләззат Досманбетова, Жанмұрат Аштаев, Молдабай Сәдібеков ИЧ-169/11 тергеу мекемесінде қамауда жатыр.

14 наурыз күні прокуратура «Ғимараттарды, құрылыс нысандарына шабуыл жасау» (269-бап) бабымен қамауда жатқан белсенді Жанмұрат Аштаевтың ісін қайта саралап, жаңа қаулы шығарған. Оған қосымша «Жаппай тәртіпсіздік» бабымен іс қозғалғаны хабарланды.

Шымкентте қаңтар оқиғасы 4 қаңтарда басталды. Куәгерлердің айтуынша, 6 қаңтарға қараған түні наразыларға оқ атылған. Қаңтар көтерілісіне байланысты 86 адамға қалмыстық іс қозғалып, екі айға қамау туралы сот санкциясы шыққан. Қазір олардың қырықтан астамы қамауда, қалғаны бұлтартпау амалымен қамаудан босатылған.

11 наурыз күні Шымкент соты Қаңтар оқиғасына байланысты төрт адамды «Ұрлық» бабымен соттады. Олардың бас бостандығы үш жылға шектелді.

Шымкентте ресми дерек бойынша қаңтар оқиғасы кезінде 19 адам қайтыс болды, жүзден аса адам жараланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG