Accessibility links

Прокурор ҚДТ мен Көше партиясын "қолдады" деп айыпталған белсендіге үш жыл шектеу жазасын сұрады


Ақсай тұрғыны Мұрат Сапиев.
Ақсай тұрғыны Мұрат Сапиев.

Прокурор Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласының тұрғыны Мұрат Сапиевке үш жыл шектеу жазасын беріп, қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына тыйым салуды ұсынды. Белсенді "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталған.

16 наурызда Орал сотында іс бойынша қатарынан екі сот отырысы өтті. Бірінші отырыста судья Асқар Исмайлов қылмыстық іс материалдарын тексерді. Ақпарат құралдары мен бақылаушылар отырысқа қатыса алмады. Ал Сапиевті қолдауға келген бір топ адам сот залына кіргенмен белсендіні қолдайтын плакат жайғаннан кейін залдан шығарылған.

Екінші сот отырысында жарыссөз өтті. Айыпталушының адвокаты Жанболат Құлжановтың айтуынша, тараптарға жарыссөзге дайындалуға небәрі жарты сағат қана уақыт берілген. Осы аптада сот судьяны ауыстыру туралы өтінішті қанағаттандырмаған.

Жарыссөз кезінде прокурор Сапиевтің бостандығын үш жылға шектеп, әлеуметтік желіде жазба жариялауына тыйым салуды ұсынды. Бұған қоса, үш жыл жиналыстар мен акцияларға қатысуына тыйым салынсын деді. Прокурор белсендінің 2020-21 жылдары митингіге қатысқанын негізгі "айғақ" ретінде атады.

Белсенді Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" мен "Көше партиясы" қозғалыстарына қатысты айыпталған. Еуропарламент оларды "бейбіт оппозициялық қозғалыстар" деп атаған.

Сотта прокурор Сапиевтің "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып", "әлеуметтік араздық" қоздырғанын айтты, "билікті күшпен құлатуға шақырғанын" жеткізді. Прокурордың айтуынша, айыпталушының "экстремистік ұйымдарға әуестігін" әлеуметтік желідегі жазбалары да дәлелдеген.

Ал Мұрат Сапиев тағылған айыптармен келіспеді, Адвокат оны кінәсіз деп танып, қылмыс құрамы болмағандықтан істі жабуды сұрады.

  • Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласының тұрғыны Мұрат Сапиев Орал мен Ақсайдағы бейбіт жиындарға белсене қатысқан. 2020 жылы қыркүйекте оған қылмыстық іс қозғалған. Жыл бойы тергеу амалдары жалғасып, Сапиев бірнеше рет тергеуге шақырылған. Ол сұрақтарға жауап беруден бас тартқан. 2021 жылы қыркүйекте ұсталып, тергеу сотымен қамалған. Ізінше апелляциялық инстанция қамау шешімінің күшін жойып, белсендіні үйқамаққа жіберген. Оның соты 2022 жылы ақпанда басталған.
  • Халықаралық құқық қорғау ұйымдары, сарапшылар мен құқық қорғаушылар Қазақстан билігі "экстремизм" бабын азаматтық белсенділерді қудалау үшін пайдаланып отыр деп кінәлайды. Билік мұны жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG