Accessibility links

Ақтөбе әуежайы уақытша жабылды, жүздеген жолаушының қалаға жете алмай қалғаны хабарланды


Ақтөбе әуежайы.
Ақтөбе әуежайы.

17 наурыздан бастап Ақтөбе әуежайы жүк және жолаушы ұшақтарын қабылдамайды. Әуежай 27 наурызға дейін жабық. Бұл - аэродромға төселген бетон плиталардың жарамсыздығына орай қабылданған шешім деп хабарлайды Ақтөбе әкімдігі. Әуежайдағы жөндеу жұмыстары жолаушыларға "алдын ала ескертілмегендіктен" кейбір жолаушылар қалаға уақытында жете алмай қалғандығын айтты.

Әкімдіктің хабарлауынша, 27 наурызға дейін аэродромдағы 218 плита жаңартылуы керек. Аэродром жөнделіп біткесін жұмыс сапасын ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті тексереді. "Әуежайдың нақты қай күні ашылатыны сол тексеруден соң белгілі болады" дейді Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр.

11-17 наурыз аралығында Ақтөбе әуежайы тек түнгі мезгілде жұмыс істеді. Осы аралықта аэродромдағы 60 плита жаңартылған. Яғни, ұжым әуе байланысын тоқтатпауға тырысқан. Алайда жұмыстың алғашқы кезеңі аяқталған соң Азаматтық авиация комитеті тағы 218 плитаны ауыстыруды талап еткен.

- Алдағы он күн аралығында күні-түні дамылсыз жұмыс істеп, плиталарды жаңартуымыз керек. Аэродром плиталарын сатып алу үшін жүз миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Осы аралықта ұжым қызметкерлері аэровокзалдың ішкі жұмысына жұмылдырылады, -дейді әуежай басшысы Дастан Малиев.

Аптасына 52-55 рейске қызмет көрсететін Ақтөбе әуежайы 17 наурызға қараған түнгі үште ең соңғы рейсті қабылдаған. Аэродромның жабылатыны туралы хабар алдын ала айтылмағандықтан жүздеген жолаушы Ақтөбеге жете алмай қалған. Наразылар Атырау мен Оралға қарай ұшып, сол жақтан Ақтөбеге баратын жолаушылар пойызына билет алғандарын желіге жаза бастады.

Ақтөбелік Әсел Арыстанғалиева 16 наурыз күні сағат 17:30 шамасында Алматы әуежайына келіп, тіркеуден өтпек болады. Әуежайда аэродромның жабылуына байланысты DV-711 рейсінің Ақтөбеге ұшпайтынын естіген.

- Әуежайға жинала бастағанымда смартфоныма хабарлама келді. Рейсімнің нөмірі мен ұшатын уақытын есіме салып, сәт сапар тілеген екен. Әуе компаниясынан өзге хабарлама алғаным жоқ. Осылайша 170 жолаушы Алматыда қалып қойдық. Билет ақысын қайтарып берді, әрине. Енді Орал қаласына ұшып, одан әрі такси жалдаймыз. Қайтар жолымыз екі есе қымбатқа түскелі тұр, – дейді Алматы әуежайында қалып қойған жолаушы.

Бейсенбі күні таңертең SСAT әуе компаниясы әуежайдың жабылуына байланысты наурыздың соңына дейін Ақтөбеге ұшатын барлық рейсті тоқтатқанын хабарлаған.

Осыған дейін ҚазТАГ агенттігі ұшу-қону жолағында анықталған кем-кетіктерге байланысты әуежай екі аптаға жабылуы мүмкін деп жазған. 12 наурызда ұшу-қону жолағын жөндеу жұмыстары кезінде жол жөндейтін техниканың бірі істен шығып, соның салдарынан сегіз рейс кешіккен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG