Accessibility links

"Олар қылмыскер емес – қорғаушы". Ақмола облысында жұрт қудаланған экобелсенділерге араша түсті


Экобелсенді Николай Катчиев.
Экобелсенді Николай Катчиев.

Степногорск қаласы мен Ақсу, Бестөбе, Жолымбет ауылының тұрғындары 18 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеомәлімдеме жасады. Ондаған адам маңында алтын өндіретін фабрика бар Бестөбе ауылының экологиясын қорғап жүрген экобелсенділердің "әлеуметтік алауыздық қоздыру" бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқанын айтып, алаңдаушылық білдірді.

—Ескі қауіпсіз фабриканы бұзып, өңдеу фабрикасын салды. Фабрика мен тұрғын үй арасы – 300 метр, халық оның экологияға соншалықты зиян келтіретінін алдын ала болжай алған жоқ. Экобелсенділер Николай Катчиев пен Александр Назаренкоға қылмыстық іс қозғап, әлі күнге дейін қудаланып жатыр. Не үшін? Экология үшін күрескені үшін бе? Олар қылмыскер емес – ауылды қорғаушылар. Қудалауды доғарып, мәселеге назар аударуыңызды, Бестөбедегі жағдайға дереу араласуыңызды сұраймыз. Тәртіпсіздікке жол бермеңіз, - деді Бестөбе тұрғыны видеомәлімдемеде. Оның сөзін қалғандар қолдап, "Қарсымыз!" деп айғайлады.

Видеомәлімдемеде жұрт экобелсенділерге шағым түсірген компаниялардың "мемлекетке, халыққа тиесілі жер қойнауы байлықтарын пайдаланып" жатқанын айтады. Олардың сөзінше, ауылдың тағдыры мен жұрттың денсаулығына алаңдап, фабрикаға қарсы пікір білдіргендер жауапқа тартылып жатыр.

Олар сонымен бірге кенішті "ашық әдіспен игеруге" де қарсы шығып, бұл ауыл экологиясын құртып, жұмыс орындарын да азайтуға септігін тигізеді деді. Бұған дейін Азаттықтың осы жөнінде сауалына компания өкілдері бұл "2024 жылы өндірісті тоқтатпай, жұмыс орындарын сақтап қалуға мүмкіндік беретін амалдардың бірі" деп айтқан.

Бестөбеде тұратын экобелсенділер Николай Катчиев пен Александр Назаренкоға "алдын ала сөз байласып, әлеуметтік алауыздық тудыру" бабы бойынша айыптар тағылған. Катчиевке бұдан бөлек "жүгенсіздік" айыбы тағылған. Тергеу амалдары мен айыптау тарабының болжамынша, Катчиев ауылда ескі стадионның орнына мектепті салуға кедергі келтірген.

Катчиев пен Назаренко бұл істі қысым ретінде бағалайды.

Экобелсенділерді қылмыстық қудалау "Қазақалтын Technology" компаниясының бас директоры Ақмола облысының полиция департаментіне шағым жазғаннан кейін басталған. Бастапқыда "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша іс қозғалған, бірнеше айдан соң полиция істі "әлеуметтік алауыздық қоздыру" бабына алмастырған. Құрылыс басқармасы полицияға шағым түсіргеннен кейін "жүгенсіздік" бабы пайда болған.

Сотқа шағымданушылардың айтуынша, Катчиев пен Назаренко тұрғындар мен "Қазақалтын Technology" қызметкерлері арасында "әлеуметтік алауыздық қоздыру" мақсатында "халықтың пікірі мен әрекетіне манипуляция жасаған", "кәсіпорын Бестөбе экологиясына зиян тигізеді" деп аталған компанияны халыққа "жеккөрінішті етіп көрсеткен". Соның салдарынан қоғамда "қайшылықтар күрт ушығып", Бестөбе тұрғындары мен фабрика қызметкерлері арасындағы әлеуметтік қайшылық шиеленісе жаздаған. Жаппай тәртіпсіздіктен сескенген кәсіпорын жұмысты тоқтатуға мәжбүр болған.

Айыппен келіспейтінін айтқан белсенділер тұрғындар мен фабрика жұмысшылары арасында қақтығыс болмағанын жеткізеді.

Бестөбе халқы қарсы болған алтын өндіретін кәсіпорын. 30 қаңтар 2022 жыл.
Бестөбе халқы қарсы болған алтын өндіретін кәсіпорын. 30 қаңтар 2022 жыл.

Қазіргі кезде бестөбеліктер қарсы болған фабрика жұмыс істеп жатыр. Экобелсенділердің соты жалғасып жатыр. Қазір куәгерлер сұралып жатыр. Келесі сот отырысы 28 наурызда өтеді. Экобелсенділерге тағылған бап бойынша ең жоғары жаза – 10 жыл түрме жазасы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG