Accessibility links

Британияның экс-премьерлері Путинге арналған "Нюрнберг сотын" құруды ұсынды


Нюрнберг сотында жауап беріп тұрған Гитлердің серігі Герман Геринг. Германия, Нюрнберг қаласы, 21 қараша 1945 жыл
Нюрнберг сотында жауап беріп тұрған Гитлердің серігі Герман Геринг. Германия, Нюрнберг қаласы, 21 қараша 1945 жыл

Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрлері Гордон Браун мен Джон Мейджор және Британияның тағы да басқа саясаткерлері, заңгерлері, ғалымдары мен қоғам қайраткерлері Украинаға басқыншылық жасауына байланысты Ресей президенті Владимир Путин мен оның айналасындағылардың іс-әрекеттерін зерттеп, тергеу үшін жаңа халықаралық трибунал құруды ұсынды.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін нацистік әскери қылмыскерлерді соттау үшін ұйымдастырылған Нюрнберг трибуналы үлгісімен халықаралық сот органын құру туралы петицияға 140 адам автор болған, оған 780 мыңнан астам адам қол қойған. Қазір интернетте ашық тұрған петицияға әлемнің кез келген азаматы қол қоя алады.

Халықаралық қылмыстық сот қазірдің өзінде Путиннің Украинаға басқыншылық әрекетін зерттеп жатыр, бірақ Би-би-сидің айтуына қарағанда оның мүмкіндігі шектеулі: Біріккен ұлттар ұйымы қауіпсіздік кеңесінің санкциясынсыз қылмыстық жауапқа тарта алмайды, ал қауіпсіздік кеңесінің шешіміне Ресей вето қоя алады.

Британия саясаткерлері өздері ұсынған трибуналды қалай жұмыс істеткісі келетіні әзірге белгісіз. Нюрнберг трибуналы Германия жеңілген соң құрылған.

Бұған дейін АҚШ президенті Джо Байден Путинді "әскери қылмыскер" деп атаған еді. Гордон Браун бұл пікірмен келіседі және "Ресей бейбіт халықтың төбесінен бомба тастап жатыр, онысы – әскери қылмыс" деп санайды. Украинада соғыс басталғалы 3 аптада көптеген үй мен азаматтық нысандарға снаряд түсіп, жүздеген бейбіт адам қаза болған еді. Ресей қорғаныс министрлігі "тек қана әскери нысандарды аттық, Украина әскері бейбіт адамдарды қалқан қылып отыр" деген уәж айтады.

Британияның бұрынғы премьерлерінің тағы бірі Дэвид Кэмерон Польшаға қашып келген Украина босқындарына гуманитарлық көмек апара жатқанын әлеуметтік желіге жазды.

Британияның қазіргі премьері Борис Джонсон сенбі күні консеравтивті партия активінің алдында сөйлегенде, тіпті Ресей агрессиясы аяқталған күнде де Владимир Путинге ықылас білдірудің керегі жоқ деп мәлімдеді. Джонсонның сөзінше, 2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялағанда Батыс реакциясының әлсіз болғаны - Путиннің жаңа агрессиясына жол ашқан. Борис Джонсон Ресей президенті жуық маңда қызметінен кете қоймайды деп есептейді.

Украинаға басқыншылық басталғалы Британия Мәскеу әрекетіне қатаң ұстанымда отыр. Украинаға қару беріп, Лондонда бұрын-соңды тұрған Ресей бизнесмендеріне қатаң санкция салды. Алайда билік оппоненттері бұл әрекеттер жеткіліксіз деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG