Accessibility links

Тоқаевты халықаралық сотқа тартуды талап етпек болған зейнеткер әкімдікке хат тапсырды


Нұр-Сұлтан әкімдігі алдында мүгедектердің құқығы сақталуын талап етіп, акция өткізген белсенділер. Көрнекі сурет.
Нұр-Сұлтан әкімдігі алдында мүгедектердің құқығы сақталуын талап етіп, акция өткізген белсенділер. Көрнекі сурет.

Астаналық зейнеткер 66 жастағы Зинагүл Құтмамбетова 4 сәуірден бастап пикет өткізіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевты халықаралық сотқа тартуды талап ететінін айтып отыр. Мүгедектігі бар (3-топ) зейнеткер 24 наурызда Нұр-Сұлтан әкімдігіне жалғыз адамдық пикет өткізу туралы ескерту хат та тапсырған. Оның хатының көшірмесін белсенді Санавар Закирова Facebook парақшасында жариялады.

Хатта зейнеткер халықаралық және ұлттық заңдарға сүйене отырып, пикет өткізуге құқығы барын айтып, 4 сәуір мен 31 желтоқсан аралығында мемлекеттік мекемелердің алдында мерзімсіз пикет өткізетінін ескерткен.

"Жалғыз адамдық пикеттің мақсаты – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ГААГА трибуналына тарту жайлы пікір айту құқығымды жүзеге асыру" деп жазылған хатта.

Азаттыққа берген сұхбатында зейнеткер Қазақстан соты мен полициясынан әбден құқай көргенін айтып, "көрген қорлықтары мен әділетсіздіктері" үшін билікті айыптады. Зейнеткер жайлы бұған дейін жергілікті БАҚ көп жазған.

– Бұл жүйе зейнеткерлер мен мүгедектерді құртып жатыр. Мен 70-ке таядым. Үйім жоқ. Баспана кезегінен алып тастаған. Былтырдан бері соттарға жүгіремін деп сол көзімнен айырылдым. Сол жақ көрмей қалды. Ауруханаға барсам, операция істеу керек дейді. Онысы 700 мың теңгеге шығып тұр. Ауруханалар әбден мазақ етті. Емдемейді. Бір тамшы да жазып берген жоқ. 400 мың теңге несие алғанмын. Екі жылын қайтарғанмын. Екі жүз мыңына дәрілер алғанмын. 130 мың қалған кезде олар [банк – ред.] 700 мың теңгені мойныма іліп, қайта көбейтіп тастады. Соңғы лыпаға дейін тартып алды... Бұл жүйе екі баламды өлтірген, заңсыз соттаған. Мені де талай сүйреледі. Ештеңеден қорықпаймын. Атқысы келсе, атып тастасын. 4-інен бастап күн сайын пикетке шығамын, - деді Зинагүл Құтмамбетова Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан әкімдігі 24 наурызда пикет өткізу туралы өтінішін қабылдап, жауабын кейін айтатынын жеткізген. Зейнеткер әкімдіктің берген талонын да көрсетті.

25 наурызда Азаттық тілшісі Нұр-Сұлтан әкімдігіне хабарласқанмен нақты жауап ала алмады. Қабылдау бөліміндегілер зейнеткер өтінішін қабылдаған қызметкердің телефонын бергенмен ол телефон тұтқасын көтермеді.

Зинагүл Құтмамбетова бұған дейін Нұр-Сұлтанда Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған өзге азаматтармен бірге "заңсыз сот шешімдеріне" наразылық білдірген. Ол былтыр ақпанда Азаттық тілшісіне ұлының өліміне кінәлілердің әлі күнге дейін жазаланбағанын айтып, "ақырғы демім таусылғанша әділдік орнауы үшін күресемін"деген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG