Accessibility links

Энергетика министрлігі Каспий консорциумының бір қондырғысы іске қосылуы мүмкін екенін айтты


Қазақстан энергетика министрі Болат Ақшолақов 25 наурызда Новороссийск түбіндегі "Каспий құбыр желісі консорциумының" бір айлақ қондырғысы жұма күні жұмыс істей бастауы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, танкерге жоспарлы жүктеу шикізат "өндірісінде едәуір шығыннан" құтқарады.

– Теңіз дауылы басылып, бүгін ВПУ-1 (жылжымалы айлақ қондырғысы) іске қосылып, танкерлер тасымалдауға тұра бастайды. ВПУ-2 және 3 қондырғыларын жөндеуді әріптестеріміз үш апта ішінде аяқтайды деп үміттенеміз, – деді Болат Ақшолақов жұма күнгі брифинг кезінде.

Министр сонымен бірге ірі құбырдағы жағдай қазақстандық мұнайшылардың жалақысының азаюына немесе жұмыс орындарының қысқаруына әсер етпейді деп сендіруге тырысты.

— Жоспар бойынша, жұмыс үш жылда бір рет тоқтауы мүмкін. Мұны кейде шатдаун деп те атап жүрміз. Ол 30-60 күнге созылады. Бұл кезде жұмысшылардың ешқайсысы жұмыстан шығарылмайды. Барлығы қалыпты режимде жұмыс істей береді, – деді Ақшолақов.

Ол сонымен бірге Қашаған кеніші екі айға жұмысын тоқтатуы мүмкін деген сыбысты да жоққа шығарды. Оның айтуынша, қазір кеніш қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Жазда жоспарлы жөндеу жұмыстары басталады. Министр Украинадағы зауыттан ресурс уақытында жеткізілмеуіне байланысты жөндеу жұмыстары мерзімінде жүргізілмеуі немесе кейінге шегерілуі мүмкін екенін жеткізді. Ол бөлшектердің қымбаттап кеткенін де алға тартып, үкімет "шара қолдану жағын" қарастырып жатыр деді.

Ақшолақовтың айтуынша, "Каспий құбыр желісі консорциумында" үш айлақтың істемей қалғанына байланысты қазақстандық кеніштер шикізатты арнайы резервуарларға тасымалдауы ықтимал. Егер жөндеу жұмыстары созылса, ірі үш кеніштегі мұнай өндіру көлемі де қысқаруы мүмкін екенін ескертті.

Министрдің сөзіне қарағанда, жөндеу жұмыстары созылса, Қазақстан ай сайын 1,3 миллион тонна (жылына 16 миллион тонна мұнай) мұнайды балама бағыттар бойынша тасымалдауы мүмкін. Мұндай жағдайда айына үш миллион тонна кем мұнай өндіре бастайды.

"Каспий құбыр желісі консорциумындағы" жағдайға тоқталған министр елде мұнай тасымалдайтын темір жол цистерналары да жетіспей жатқанын еске салды. Оның айтуынша, қазір цистерналар негізінен Қазақстан нарығының өз ішін қамтамасыз ету үшін пайдаланылады. Ал сыртқа ірі көлемде мұнай тасымалдау үшін 15 002 000 вагон жеткіліксіз.

—Мысалы, Ақтау портын пайдалануға бұл жарайды... Ал Қара теңіз бен Балтық порттарына жеткізу үшін бұл вагондар жеткіліксіз, – деді Ақшолақов.

  • Бір күн бұрын Болат Ақшолақов ірі консорциумның бұзылуы мұнай экспортын азайтуға қатты әсер етпейді деп мәлімдеген. Ал консорциум өкілдері осыған дейін мұнай тасымалдау көлемі қысқаруы мүмкін екенін айтқан.
  • Осы жылға арналған республикалық бюджет мұнайдың баррелі 60 доллардан сатылады деген болжаммен есептелген. Қазір халықаралық нарықта мұнай бағасы одан екі есе қымбат. Билік кейінгі күндері мұнай түсімінің екі есеге артқанын хабарлаған еді. Енді Қазақстанның мұнайды шетелге экспорттау мүмкіндігі шектеліп отыр.

Қарай отырыңыз: Қазақстанның мұнай тасымалдауында қиындық туды (24 наурыз 2022 жыл).

Қазақстанның мұнай тасымалдауында қиындық туды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:23 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG