Accessibility links

Бішкекте Украинаны қолдау митингісіне ондаған адам жиналды


Украинаны қолдау митингісі. Бішкек, 26 наурыз 2022 жыл.
Украинаны қолдау митингісі. Бішкек, 26 наурыз 2022 жыл.

26 наурызда Қырғызстан астанасында Ресей шабуылына ұшыраған Украинаны қолдау акциясы өтті. Оған шамамен елу шақты адам қатысты. Арасында белсенділер мен журналистер де бар. Шараға келгендер соғыста қаза болғандарды еске алып, бір минут үнсіздік жариялады.

Горький атындағы алаңға жиналғандардың қолында Қырғызстан мен Украина тулары, "Соғысқа жол жоқ!", "Қырғызстан Украинамен бірге", "Украина, өмір сүре бер!" деген жазуы бар плакаттар болды.

"Украина сіз бен біздің бостандығымыз үшін күресіп жатыр" деді митингіде сөйлегендердің бірі.

Акцияда сөйлеген азаматтар Қырғызстанда ресейлік мемлекеттік арналардың таратылуын тоқтатуды, Ресей әскери базасын жабуды талап етті. Одан бөлек, Қырғызстан Еуразия экономика одағы мен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан шығуы тиіс деген талаптар айтты.

22 наурызда дәл осы алаңда Ресейдің Украинаға басқыншылығын "қолдаған" азаматтардың акциясы өткен.

Ресейдің Украинаға басқыншылығы басталғалы бері Бішкекте Ресей елшілігі алдында соғысқа қарсы бірнеше акция өткен. Ізінше қырғыз милициясы кейбір алаңда митинг өткізуге тыйым салған. 14 наурызда сот бұл шешімді заңды деп таныды.

Орталық Азия елдері Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптаған жоқ, қолдаған да жоқ. Бұрынғы совет республикалары Мәскеудің одақтастары болып саналады. Қырғызстанда Ресейдің әскери базасы бар. Ел экономикасы басым бөлігі Ресейде жұмыс істеп, нәпақа табатын еңбек мигранттары аударатын ақша аударымдарына едәуір дәрежеде тәуелді.

Орталық Азия елдері Украинадағы соғыстан өздерін бейтарап ұстауға тырысса да, Ресейге қарсы санкциялардың кері әсеріне ұшырап жатыр. Ресей рублі құлдырағаннан кейін қазақстандық теңге мен қырғыз сомы кәдімгідей құнсызданды, экономистер аймақ экономикасы дамуы бәсеңдейтінін айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG