Accessibility links

Әділет министрі Қанат Мусин: Тұңғыш президентті қамауға алуға заң рұқсат бермейді, ал сұрақ қоюға тыйым жоқ


"Қаңтар оқиғасы" кезінде құлатылған Нұрсұлтан Назарбаев ескерткіші. Талдықорған қаласы
"Қаңтар оқиғасы" кезінде құлатылған Нұрсұлтан Назарбаев ескерткіші. Талдықорған қаласы

"Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті - Елбасы туралы" заң бойынша тұңғыш президент пен отбасы мүшелерін қылмыстық жауапқа тартуға болмайды. Бұл жөнінде бүгін парламент мәжілісінің отырысына барған Әділет министрі Қанат Мусин журналистер сұрағына жауап бергенде айтты.

Қанат Мусин "тұңғыш президенттің отбасы мүшелері" туралы айтқанда "жаңылмасам, өзімен бірге тұратын отбасы мүшелері" деп үстеп қойды.

Әділет министрінің сөзіне қарағанда, тұңғыш президент пен оның отбасы мүшелерін қылмыстық жауапқа тартуға заңда рұқсат етілмегенімен, оларға қандай да бір іс бойынша сұрақ қоюға тыйым салынбаған.

Азаттық тілшісінің "сіз айтқан заң өзгеруі мүмкін бе" деген сұрағына Қанат Мусин "айта алмаймын, өзгеруі де, өзгермеуі де мүмкін. Әділет министрлігінде ондай жоспар жоқ" деп жауап берді.

"Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы туралы" конституциялық заң 2000 жылы шілде айында қолданысқа енгізілген.

Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған бұл заңға 2010 жылы, 2014 жылы және Назарбаев президент өкілетін тапсырардан екі жыл бұрын, 2017 жылы - барлығы 11 өзгеріс енгізілген.

Заңда тұңғыш президенттің саяси-құқықтық мәртебесі, өкілеттіктерін тоқтатқаннан кейінгі де айрықша құзыреттері мен кепілдіктері көрсетілген.

Заңның 3-бабында "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына ешкімнің тиісуіне болмайды. Президент өкілетін орындау кезеңінде жасаған, ал бұлар тоқтатылғаннан кейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы деген өз мәртебесін жүзеге асыруға байланысты әрекеттері үшін жауаптылыққа тартылмайды. Оны ұстап алуға, қамаққа алуға және күзетпен ұстауға, тінтуге, одан жауап алуға не жеке басын жете тексеруге болмайды" деп жазылған.

Бұл заң бойынша "Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің банктік шоттарының банктік құпиялығына және оларға тиіспеушілікке кепілдік беріледі".

Заңда "Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің — Елбасының бейнесін бүлдіруге жол берілмейді және ондай әрекеттер заңмен қудаланады" деген де бап бар.

Биыл Қазақстанның ондаған өңірінде болған "Қаңтар оқиғасы" кезінде Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев ескерткішін наразылыққа шыққандар көлікпен тартып құлатып, бір бөлігін облыс әкімдігі алдына іліп қойған еді. Бұл оқиға бойынша күдік туғызғандарды кейіннен полиция ұстап, қамауға алған. Бірақ әзірге "тұңғыш президенттің бейнесіне нұқсан келтірді" деген айып тағылғаны туралы ақпарат жоқ.

"Қаңтар оқиғасынан" кейін Қазақстан парламенті Нұрсұлтан Назарбаевты қауіпсіздік кеңесі мен ассамблея төрағасы қызметін өмір бойы атқару құқығынан заңмен айырған. Назарбаевтың кейбір жақын серіктері мен немере інісі Қайрат Сатыбалды қамауға алынған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевты ашық сынамағанымен, ол басқарған кезеңдегі саяси жүйе әрі қарай жалғаса берсе, тоқырау болатынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG