Accessibility links

Түрікменстан "арқадағы" Гурбангулы Бердімұхамедов президент ұлынан рұқсат сұрап, еңбек демалысына шықты


Гурбангулы Бердімұхамедов
Гурбангулы Бердімұхамедов

Таяуда билігін ұлы Сердар Бердімұхамедовке тапсырған Түрікменстанның бұрынғы президенті Гурбангулы Бердімұхамедов сәуірдің 1-інен бастап еңбек демалысына шығатын болған. Ол үшін президент ұлы Сердардан рұқсат сұраған.

Түрікменстанның "Туркменистан сегодня" агентігінің хабарлауынша, бұл оқиға 25 наурызда үкімет отырысынан кейін болған. "Арқадақ Гурбангұлы Бердімұхамедов Түрікменстан президентіне өтініш айтты" дейді агенттік репортажында.

"Өздеріңіз білетіндей, басшылық қызметті 40 жылдан бері істеп келемін, 25 жыл саясатпен айналыстым. Жұмыстың көптігіне байланысты бұл уақытта толық демала алмадым",- дейді "Арқадақ".

Гурбангулы Бердімұхамедов демалыста кітабын аяқтайтынын және халықаралық іс-шараларға дайындалатынын айтқан.

Сердар Бердімұхамедов әкесінің өтінішін орындаған. Демалыстың қашанға дейін созылары белгісіз.

Түрікменстанның жаңа президенті Сердар Бердмұхамедов 19 наурыздан бастап іске кіріскен. Орталық сайлау комиссиясы мерзімінен бұрын өткен сайлауда Сердар Бердімұхамедов 72,97 пайыз дауыспен жеңді деп хабарлаған. Сайлауға халықаралық бақылаушылар қатыстырылмаған.

Азаттықтың Түрікмен редакциясы сайлау алдындағы науқан мен дауыс беру үдерісі жаппай заң бұзумен өткенін байқаған еді. The Economist журналының демократия бойынша индексінде Түрікменстан әлем елдерінің соңында тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG