Accessibility links

Сот шешіміне наразы Алматы тұрғыны Нұр-Сұлтанда жалғыз адамдық пикет өткізді 


Ильшат Кеншин Жоғарғы сот алдында пикет өткізіп тұр. Нұр-Сұлтан, 29 наурыз 2022 жыл.
Ильшат Кеншин Жоғарғы сот алдында пикет өткізіп тұр. Нұр-Сұлтан, 29 наурыз 2022 жыл.

29 наурызда Нұр-Сұлтанда алматылық белсенді Ильшат Кензин Жоғарғы сот ғимараты алдында жалғыз адамдық пикет өткізіп, жоғарғы сот төрағасының қабылдауын талап етті.

Ол сот ғимараты алдындағы қоршауға орыс тілінде “Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың жеке қабылдауын сұраймын”, “Касым- Жомарт Тоқаев. Соттар қоғаммен ашық диалог жасауы керек” және басқа да орыс тілінде талаптары жазылған бірнеше плакат іліп қойды.

Пикетшіні бірнеше полиция сырттай бақылап, видеоға түсіріп тұрды. Оны қолдау үшін Жоғарғы сот алдына ондаған адам жиналды.

Өзінің "алаяқтықтан зардап шеккенін" айтқан Ильшат Кензин он жылға жуық уақыттан бері кінәлі адамның жазалануын талап етіп келеді. Белсенді жөнінде жергілікті сайттар көп жазған. Оның айтуынша, осыған дейін Алматы қалалық соты айыпталушыны ақтап шыққан. Ол сот шешімінің қайта қаралуын талап етеді.

Ол былтыр жоғарғы сот төрағасы қабылдауында болғанымен әңгіме нәтижесіз аяқталғанын айтады. Бұл оның астанада өткізіп отырған сегізінші пикеті.

– Мен жоғарғы сот төрағасының мені жеке қабылдап, қылмыстық істі қозғауға пәрмен беруін талап етемін. Істі бақылауға алсын,- дейді ол.

Ильшат Кензин соттың барлық инстанцияларынан өткен 11 адамнан “Ашық диалог” тобы құрылғанын айтты.

– Бұл пикет жалғыз менің проблемам емес, барлық әділетсіз сот шешімдерінен зардап шеккендердің ортақ талабы. Себебі біз президент жанынан сот шешімдеріне бақылау жасайтын комиссия құрылуын талап етеміз, - деді ол.

Қазақстанда сот шешімдері әділетсіз шықты деп санап, оны қайта қарауды талап етіп жүрген адамдар көп. Олар бірнеше жылдан бері түрлі акциялар өткізіп, билік пен жоғары сот назарын аударуға тырысып келеді.

Сот шешімі әділетсіз шықты деп санайтындар дүйсенбі күні 28 наурыз күні де Нұр-Сұлтанда баспасөз мәслихатын өткізіп, істі қайта қарауды талап ететіндерін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG