Accessibility links

Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары жақындарын босатуды талап етті. Кейбірі аштық акциясын бастады


Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары прокуратураға кіріп жатыр. Шымкент, 31 наурыз 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары прокуратураға кіріп жатыр. Шымкент, 31 наурыз 2022 жыл.

31 наурызда Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты қамалғандардың туыстары мен жақтастары күдікті ретінде ұсталғандарды босатуды талап етіп, қалалық прокуратура алдына жиналды. Түстен кейін кейбірі аштық акциясын бастады.

"Менің балам 269-бап бойынша ("Ғимаратқа шабуыл жасау, басып алу") қамауда отыр. Ол қаңтар оқиғасы кезінде шеруге барған, бірақ заңға қайшы ештеңе жасаған жоқ. Оны босатуды талап етемін. Біздің үніміз биліктің құлағына жетсін. Әділдікті талап етеміз" деді прокуратура алдына келген әйелдердің бірі Азаттық тілшісіне.

Қала прокуратурасының алдына жиналғандардың арасында азаматтық белсенді Ерғали Құлбаевты қолдап келгендер де болды. Олар белсендіні босатуды талап етті. Айтуларынша, белсендінің митингіге қатысқаны болмаса, бүлікке қатысы жоқ.

- Кеше (30 наурызда) Ерғалимен кездестім. Оған қамау мерзімін ұзарту туралы сот қаулысын бермеген. Қаулы қолыма тисе қайта аштық жариялауды бастаймын деді, - дейді Құлбаевтың әйелі Назерке Нәлібай.

Қала прокуроры Ғабит Мұқанов оларды қабылдауына шақырды. Наразылар ішке журналистерсіз кірмейтінін мәлімдеді. Прокурорлар ішкі тәртіпке сай арнайы хат жолданып, рұқсат алынбаса журналистер жиындарға қатыстырылмайтынын хабарлады. Азаттық тілшісі де ішке кіре алмады.

Наразылардың бір бөлігі қала прокурорының жауабына көңілі толмаса шығып аштық жариялайтынын айтты.

Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың бірінің туысы аштық жариялайтынын мәлімдеп, плакатқа жазу жазып жатыр. Шымкент, 31 наурыз 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың бірінің туысы аштық жариялайтынын мәлімдеп, плакатқа жазу жазып жатыр. Шымкент, 31 наурыз 2022 жыл.

Жарты сағаттан кейін наразылар журналистің қатысуынсыз ішке кіруге келісті.

Түс кезінде прокуратурадан кейбір наразылар шыға бастады. Олар өздерін прокурордың орынбасары қабылдағанын, жауаптарына қанағаттанбағанын жеткізді. Бейсенбі күні түстен кейін жеті адам прокуратура алдында аштық жариялады. Әкімдік өкілдері келіп, наразыларға шараның "заңсыз" екенін айтып ескертті.

Шымкентте Қаңтар көтерілісіне байланысты 86 адамға қалмыстық іс қозғалып, екі айға қамау туралы сот санкциясы шыққан. Қазір олардың басым бөлігі бұлтартпау амалымен қамаудан босатылған. Бұған дейін құқық қорғаушылар қамалғандар арасында азаматтық белсенділер де барын айтып, билікті азаматтарды азаматтық белсенділігі үшін қудаламауға үндеген.

11 наурыз күні Шымкент соты Қаңтар оқиғасына байланысты төрт адамды «Ұрлық» бабымен соттады. Олардың бас бостандығы үш жылға шектелді.

Шымкентте ресми дерек бойынша қаңтар оқиғасы кезінде 19 адам қайтыс болды, жүзден аса адам жараланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG