Accessibility links

Атырау облысында Сағыз ауылына су кірді. БҚО-да мектептің қабырғалары құлады


Сағыз ауылын қақ жарып ағатын Ноғайты өзенінің тасуы. Атырау облысы, 30 наурыз 2022 жыл. Скриншот.
Сағыз ауылын қақ жарып ағатын Ноғайты өзенінің тасуы. Атырау облысы, 30 наурыз 2022 жыл. Скриншот.

Бір күн бұрын тасқын қатері төніп, үйлерінен кетуге мәжбүр болған Атырау облысы Сағыз ауылының тұрғындары 31 наурызда баспаналарына кері оралды. Ал Батыс Қазақстан облысының Қосқөл ауылындағы орта мектептің ішін су басып, балшықтан соғылған қабырғалары құлап қалды.

Атырау облысы Сағыз ауылының ортасынан қақ жарып өтетін Ноғайты өзені бір күн бұрын еріген қар суының әсерінен ернеуінен асып, ауылдағы үйлерге қауіп төндірген. Соның салдарынан бірсыпыра үйлердің есік алды мен қораларын су басқан.

Жергілікті тұрғындардың Азаттыққа айтуынша, Ноғайты өзеніндегі екі дамба бұзылған.

– Бүгін үйімізге қайттық. Өзен арнасына оралыпты. Дабыл кеше кешкі сағат 20-да беріліп, дыбыс күшейткішпен тез арада үйді тастап, мектепке көшу қажеттігі хабарланды. Қатты сасқанымыздан киім, ештеңе алмай кішкене үш баламыз болған соң достарымыздың үйіне кетіп қалдық. Күйеуім мал болған соң соған қарайлап үйде қалды. Қораға дейін су келді. Қорқыныш әлі сейілген жоқ, - дейді Сағыз тұрғыны Алиса Тасыбаева бейсенбі күні Азаттық тілшісіне.

Атырау облысы әкімінің баспасөз хабарламасына сай, 20-дан астам үйге су астында қалу қаупі туындаған. Ал Қызылқоға аудандық әкімдігі өкілдері адамдардың эвакуацияланғанын теріске шығаруға тырысып, ахуалдың тұрақталғанын айтты.

Дәл осында жағдай 30 наурызда Батыс Қазақстан облысы Қоскөл селолық округіне қарасты Шалғын ауылында да туындаған. Қызыл су Шалғын орта мектебіне жалғаса салынған ауыл тұрғындары 1988 жылы өз күшімен тұрғызған қосымша ғимаратқа кірген. Қазір ондағы директор бөлмесі, мұғалімдер мен шағын спорт бөлмесі қабырғалары құлап, ғимарат жарамсыз болған. Оқиғаны Қаратөбе ауданы әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев те растады. Оның айтуынша, құлаған ғимараттағы құжаттар мен жабдықтар ескі ғимаратқа көшіріліп, оқу процесі жалғасып жатыр.

– Бүлінген тек қосымша ғимарат. Оқу процесін жалғап жатырмыз. Су басу қаупі қазір сейілді, - деді әкім.

Шалғын орта мектебі 1967 жылы салынған. Онда 37 бала екі ауысымда оқиды.

31 наурызда Қазақстанның төтенше жағдай жөніндегі министрі Юрий Ильин ауа райының күрт жылынуы салдарынан Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облысындағы 160-қа жуық елді мекенге су басу қаупі бар екенін хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG