Accessibility links

Жаңаөзен әкімдігі алдындағы аштық акциясына тағы бір әйел қосылды


Екі баланың анасы Амангүл Жаппасова және Айболған Базарбаева Жаңаөзен қаласы әкімдігінің алдында аштық ұстап жатыр. Жаңаөзен, 31 наурыз 2022 жыл.
Екі баланың анасы Амангүл Жаппасова және Айболған Базарбаева Жаңаөзен қаласы әкімдігінің алдында аштық ұстап жатыр. Жаңаөзен, 31 наурыз 2022 жыл.

Жаңаөзенде әкімдік алдында екі күннен бері аштық жариялап жатқан әйелдің қасына тағы бір адам қосылды. Ол да мұнай саласынан тұрақты жұмыс тауып беруді талап етіп отыр.

31 наурызда Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Жаңаөзен қаласы тұрғындарымен кездесу өткізіп жатқан кезде қала әкімдігі алдында сейсенбіден бері аштық жариялап жатқан Амангүл Жаппасованың қасына тағы бір әйел қосылды.

Өзін Айболған Базарбаева деп таныстырған әйел аштық жариялайтыны туралы ескертуді қала әкімдігіне тапсырғанын айтты. Ол күйеуіне мамандығы бойынша мұнай саласынан тұрақты жұмыс тауп беруді талап етеді.

– Менің жасым 28-де. Күйеуімнің мамандығы электрик бола тұра 2019 жылдан бері “Нұр Отан” партиясы ұсынған түрлі қоғамдық жұмыстарды атқарып, көше сыпырып, 80 мың теңге табыс тауып келді. Енді былтыр қараша айынан бері жұмыссыз қалды. Осы жерден талабым орындалғанша кетпеймін. Қайда аш жатқанымның айырмашылығы бар ма?- дейді ол.

Айболған Базарбаеваның кәмелетке толмаған үш баласы бар. Алты жастағы бір баласы мүгедек.

Амангүл Жаппасова 29 наурыздан бері аштық жариялап, Жаңаөзен қаласы әкімдігі алдында қонып жатыр. Оның Азаттыққа айтуынша, түнде әкімдіктегілер оны дәретханаға кіргізбеген. Ал Жаңаөзен қаласы әкімдігі маңындағы Неке сарайына түнде бір рет дәретханаға барғаннан кейін "ол жерді бүлдіріп кетті" деп өзіне арандатпақ болғанын айтты.

– Мені кешке қарай әкімдікке дәретханаға кіргізбейді. Кеше түнде сол маңайдағы Неке сарайына кіріп шықтым. Бірақ кейін ол жерден бір әйел шығып, мені “әжетхананы бүлдірді” деп арандатпақ болды. Менің уәждерімнен кейін кешірім сұрады. Әкімдік арыз түсіріп, аштық жариялаған соң мұнда биодәретхана қоюы тиіс. Ал мені күзетіп тұрған арнайы жасақ пен полиция әкімдікке емін-еркін түнімен әжетханаға кіреді, - дейді ол.

49 жастағы Амангүл Жаппасова бұған дейін 15-18 наурызда да әкімдік алдында жұмыс талап етіп тұрғандармен бірге аштық жариялаған.

"Мен билік айтқандай "алгоритмді бұз" деп талап етіп отырған жоқпын. 2019 жылдан бері жұмысқа орналаса алмай қалған ұлыма қатысты әділетсіздікті жоюды және өзіме жұмыс тауып беруді сұрап отырмын" деді мүгедек бала тәрбиелеп отырған ана бейсенбі күні Азаттық тілшісіне.

Жаңаөзен қаласы әкімдігіне аштық жариялағандар туралы пікір алу мүмкін болмады.

Жаңаөзен қаласында қаңтардың соңынан бері жүздеген адам мұнай-газ саласынан жұмыс тауып беруді талап етіп, жергілікті әкімдік алдында наразылық акциясын өткізген. Бірақ кейін тұрғындар "қысымның салдарынан" наурыз айының соңына қарай наразылықты тоқтатуға мәжбүр болған.

31 наурызда Жаңаөзендегі жұмыссыздардың талаптары туралы айтқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов "мұнай-газ компанияларының өздерінің штаттық кестесі бар, одан артық адамды жұмысқа алу мүмкін емес" деп мәлімдеп, мұнай-газ саласынан жұмыс талап еткен жаңөазендіктердің талабы орындалуы мүмкін емес дегенді меңзеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG