Accessibility links

Қырғызстан: Ресейге салынған санкциялардан ел экономикасы 10% құлдырауы мүмкін


Қырғызстан сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев.
Қырғызстан сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев.

Германияда өткен Энергетика форумына қатысқан Қырғызстан сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев Deutsche Welle (DW) басылымына сұқбат берді.

Қазақбаев Украинада жүріп жатқан соғыс, Ресей мен Қырғызстан қарым-қатынасы жайлы сұрақтарға жауап берді.

"Қазірдің өзінде азық-түлік қымбаттап жатыр. Ертеңгі күні энергия бағасы қалай болатынын білмейміз. Біз энергияны негізінен Ресейден аламыз. Біздің болжам бойынша, ел экономикасы 5 -10% құлдырайды" деді Қазақбаев.

Ол сонымен бірге Ресей экономикасының бәсеңдеуінен ол жақтағы қырғызстандық мигранттарға қиын түсуі мүмкін екенін айтты.

Коронавирус пандемиясынан зардап шеккен Қырғызстан экономикасына Ресей мен Украина арасындағы жанжал жаңа соққы болып отыр. 24 ақпанда Ресей Украинаға соғыс ашқалы бері Қырғызстанда азық-түлік бағасы бірден қымбаттап кетті.

24 наурызда қырғыз үкіметі дағдарысқа қарсы шара жоспарын құрып, бюджеттен 126 млрд сом бөлді.

Орталық Азия елдері Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптаған жоқ, қолдаған да жоқ. Бұрынғы совет республикалары Мәскеудің одақтастары болып саналады. Қырғызстанда Ресейдің әскери базасы бар. Ел экономикасы басым бөлігі Ресейде жұмыс істеп, нәпақа табатын еңбек мигранттары аударатын ақша аударымдарына едәуір дәрежеде тәуелді.

Орталық Азия елдері Украинадағы соғыстан өздерін бейтарап ұстауға тырысса да, Ресейге қарсы санкциялардың кері әсеріне ұшырап жатыр. Ресей рублі құлдырағаннан кейін қазақстандық теңге мен қырғыз сомы кәдімгідей құнсызданды, экономистер аймақ экономикасы дамуы бәсеңдейтінін айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG