Accessibility links

Ақтөбеде тасқыннан 16 үйді су басып, 702 үйге азық-түлік қайықпен жеткізілді


Ақтөбеде тұрғындар суға құлаған оқушы қызды құтқарып жатыр. 31 наурыз 2022 жыл.
Ақтөбеде тұрғындар суға құлаған оқушы қызды құтқарып жатыр. 31 наурыз 2022 жыл.

Ақтөбеде күн күрт жылынып, еріген қар суы облыс орталығын әбігерге салды. Кейінгі үш тәулікте қала көшелерінен 100 мың текше метрден астам су сорылған. Тасқын қаупі сейілгенше қаладағы 13 мектеп онлайн форматқа көшкен.

Облыс аумағындағы республикалық, облыстық маңызы бар тас жолдарды су шайып, үш жарым мыңға жуық тұрғын қатынассыз қалған. Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, көлік қатынасынсыз қалған 702 үйге азық-түлік пен дәрі-дәрмек әзірше қайықпен жеткізіледі.

– Осыдан үш күн бұрын Ақтөбеде -11 градус салқын болатын. Күн +14 градусқа дейін күрт жылынып кетті. Жердің тоңы жібіп те үлгерген жоқ. Сондықтан қар суы жерге сіңбестен елдімекендерге қарай ағып, облыс аумағындағы автокөлік жолдарын бұзып кетті. Тасқын бұзып кеткен жолдардың екеуі – республикалық, екеуі – облыстық деңгейдегі жол. Алтауы – жергілікті маңызы бар грейдер, – дейді Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қайрат Қасым.

Қар суынан Ақтөбенің іргесіндегі ауылдар да зардап шеккен. Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың сөзінше, Өрлеу, Қурайлы, Ақшат ауылдарында кемі 16 үйді су басқан. Шахаров облыстағы төтенше жағдайлар департаменті "су тасуы мүмкін" деп алдын ала ескерткен. Бірақ ешкім қар суының мөлшері көп болады деп ойламаған. "Құдайдан күшті емеспіз" деген Асхат Шахаров әлі де тасқын қаупі сейілмегенін айтады.

Қала әкімінің баспасөз қызметі су тасқынына қарсы штаб пен 109 нөміріне тәулігіне мыңға жуық тұрғын көмек сұрап хабарласатынын айтады. Кейінгі үш тәулікте Ақтөбенің көшелерінен жүз мың текше метрден астам су сорылған. Кешелі бері су тасқынына қарсы штаб жұмысына Ұлттық гвардия сарбаздары мен төтенше жағдай департаментіне қарасты құрылым қызметкерлері, еріктілер жұмылдырылған. Соның өзінде Ақтөбеде көмекке зәру тұрғындар аз емес.

Жергілікті жұрт "Нұр Сити" деп атайтын аудандағы көпқабатты үй тұрғындары тасқыннан өз бетінше қорғанып, аулаларына құм толы қапшықтарды үйіп қойған.

– Әкімдіктің су соратын техника жібереміз дегеніне үш күн өтті. Әлі жоқ. Көршілер ақша жинап, күрек, қапшық, керек-жарақты сатып әкелдік, –дейді тұрғындардың бірі Ғани Мектепбаев.

31 наурыз түстен кейін қар суы арыққа сыймай, көшеге жайыла бастаған кезде Батыс-2 ауданының тұрғындары көмек сұрап, облыс, қала әкімдігіне, арнайы штабқа хабарласқан. Тұрғындардың сөзінше, бейсенбінің кешінде оқушы қыздың аяғы тайып, арыққа құлап кеткеннен кейін ғана облыс, қала басшылары оқиға орнына келіп, ахуалды өз көзімен көрген.

– Қар суы арыққа сыймай, жан-жаққа жайыла бастағанда бірінші қабаттағы офистердің кіреберісіне құм үйіп тастадық. Кешеден бері осылай жан сақтап отырмыз. Әкімдікке қанша хабарлассақ та біреуі әкеп бір шелек құм төкпеді. Офистерге су кіре бастағандықтан техниканы да өз қаржымызға жалдадық, құмды да өзіміз алып келдік, –дейді кәсіпкер Ерболат Ахметханов.

Бүгін, 1 сәуір түстен кейін Батыс-2 ауданында тасқын су арыққа сыймай, тағы да көшеге жайыла бастаған. Бұл туралы Азаттыққа хабарлаған тұрғындар "тасқынның қарқыны кешегіден де қатты" деді.

Қазақстан қалаларын су басып жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:05 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG