Ақтөбе қаласының тұрғыны Айнұр Когай «халық әкімді өзі сайламайынша, ештеңе де өзгермейді» деп санайды. 1 сәуір күні қолына «За выборность акимов» деген жазуы бар бір парақ қағаз ұстаған ол Ақтөбедегі қала әкімдігінің жанына барып, бір адамдық пикет өткізген. 2 сәуір күні Айнұр Когай талап-тілегін қағазға түсіріп, президент әкімшілігіне жолдады.
- Халықта таңдау құқығы болуы тиіс. Облыстың, қаланың әкімін өзіміз сайламайынша, жағдайымыз жақсармайды. Жыл сайын көктемде балшық кешіп, суға кете береміз. Нанға жұмсаған баламыз арықтағы суға батып кетуі мүмкін. Мысалы, менің балаларым кеше мектепке бара алмады. Өйткені, билік көктемді ойлап, алдын-ала қамданған жоқ. Мен балаларымның болашағына алаңдаймын, әкімдер сайлануы керек деп санаймын. Сондықтан қала әкімдігіне бардым. Өйткені, Ақтөбеде тасқыннан да өзге проблема көп. Әрине, қала әкімі Асхат Шахаров қол қусырып қарап отыр дей алмаймын. Бірақ ол облыс басшысы Оңдасын Оразалинге бағынышты адам. Сондықтан ең алдымен облыс әкімін сайлауымыз керек, - дейді Айнұр Когай.
Оның сөзіне қарағанда, ол жұма күні әкімдік алдында бір сағатқа жуық тұрған. Осы аралықта «қала әкімдігіненмін» деген бірнеше адам Айнұр Когайды ғимарат ішіне шақырған.
«Әкімдік қызметкерлері өте сыпайы екен. Сізбен қала әкімінің орынбасары кездескісі келеді. Сәлден соң Асхат Шахаровтың өзі де келуі керек. Ішке барып сөйлесейік деп бірнеше рет айтты. Мен бармадым» дейді тұрғын.
Әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің хабарлауынша, Айнұр Когай бір адамдық пикет өткізетіні туралы алдын-ала хабарламаған.
- Заңсыз пикетке шыққан тұрғынға түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Содан кейін ол 20 минуттай тұрып кетіп қалды, - деді қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімі.
Үш баланың анасы Айнұр Когай өзін белсенді деп атауға қарсы. Айтуынша, ол Ақтөбенің патриоты әрі белсенді азаматтық позициясы бар көп тұрғынның бірі.
Қазақстанда аймақ әкімдерін президент тағайындайды. 16 наурыз күнгі халыққа жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев президентті аудан және ауыл әкімдерін тағайындау құқығынан айыру қажеттігі туралы айтқанмен аймақ басшыларын сайлау жөнінде айтпаған. Бұған дейін Алматыда жұрт қала әкімін тікелей сайлауды талап еткен.
ПІКІРЛЕР