Accessibility links

Қаңтар оқиғасында Алматыда өлген Шымкент тұрғынының сүйегін ақыры эксгумациялайтын болды


Ауыл маңындағы зират. Көрнекі сурет
Ауыл маңындағы зират. Көрнекі сурет

5 қаңтарда Алматы қаласындағы дүрбелең кезінде екі жерінен оқ тиіп, қайтыс болған Шымкент қаласының 22 жастағы тұрғыны Аңсар Исламның сүйегі қайта қазып алынатын болды. Бұл туралы Аңсар Исламның анасы Жазира Жандарбековаға Шымкент қалалық полициясы хабарлаған.

Бұған дейін, 20 қаңтарда Шымкент қалалық мамандандырылған тергеу соты Аңсар Исламның мәйітін қазып алу туралы қаулы шығарған. 27 қаңтарда қалалық сот марқұмның анасы Жазира Жандарбекованың апелляциялық шағымын қанағаттандырмаған еді.

Жазира Жандарбековаға жіберген Шымкент қалалық полиция департаменті хабарламасында Алматы қалалық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 272-бабымен ("Жаппай тәртіпсіздік" бабы) қозғаған қылмыстық іске байланысты тергеу жүріп жатқаны, соған сай 3 сәуірде эксгумация жасалатыны жазылған.

Эксгумация туралы хабарлама Шымкент қаласының Қаратау ауданы әкімдігіне, аудан прокуратурасына, полиция басқармасына, қалалық сот сараптамалар институты мен аудандық санитариялық-эпидемиологиялық басқармасына жіберілген.

- Көлігінің майын ауыстырамын деп шыққан балам митинг болып жатқан жердің үстінен түсіп қалған. Оқ тиген балаға көмектесемін деп жүріп, өзі оққа ұшты. Енді оны "террорист" деп шығармасына кім кепіл? Қазып алмасын, қарсымын, - дейді Жандарбекова.

Аңсар Исламның сүйегі Шымкент қаласы Қаратау ауданы Қайтпас-2 ықшам ауданындағы зиратқа жерленген. Қарсылығына қарамастан қазып алатын болған соң Жандарбекова тергеушіден адвокаты мен имамның осы күні келе алмауына байланысты кейінге қалдыруды сұраған. Сөйтіп 7 сәуірде эксгумацияланатын болған.

5 қаңтар күні Алматыда такси жүргізушісі болып жұмыс істейтін Аңсар Ислам оққа ұшқан. Оқ мойны мен шатына тиген. 6 қаңтар күні мәйітханадан денесін алған соң, 7 қаңтар күні Шымкентте жерленген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG