Accessibility links

"Селден сескенген ауыл адамдары асфальт жолды бұзуға мәжбүр". Ақтөбеде өзен таси бастады


Тасқын судың арнасын бұру үшін Қанағат ауылының тұрғындары асфальт төселген жалғыз жолды бірнеше жерден бұзған. Ақтөбе қаласы, 3 сәуір 2022 жыл
Тасқын судың арнасын бұру үшін Қанағат ауылының тұрғындары асфальт төселген жалғыз жолды бірнеше жерден бұзған. Ақтөбе қаласы, 3 сәуір 2022 жыл

Сәуірдің 3-іне таң алдында Ақтөбе қаласының ортасымен ағып жатқан Сазды өзенінің деңгейі күрт көтерілген. Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары Саздының жағалауын таң атқанша құм толы қапшықтармен бекіткен.

Күндізгі 11-лер шамасында құтқарушылардың бір тобы өзен арнасының ағысын бөгейтін қоқысты тазалап жатты.

Кеше, 2 сәуір күні қала аумағындағы Шилісай, Жіңішке, Песчанка өзендері арнасынан асып, сол маңдағы тұрғын үйлерді су алған. Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өткен түні Жіңішке өзені жағалауындағы АЗХС саяжай ұжымынан 15 отбасы эвакуацияланған. Саяжай тұрғындары қазір Ақтөбедегі №47, №50 мектептерді паналап отыр.

Ақтөбедегі №50 мектеп директоры Мейрамгүл Аяғанқызының айтуынша, түнде мұнда бес отбасы жеткізілген. Жеті баласымен бірге №50 мектепке түнеп шыққан Бибігүл Мұхамбетова былтыр несиеге алған саяжайдағы шағын үйінің жарамсыз боп қалғанын айтады.

Саздының арнасын ағысты бөгейтін қоқыстан тазалап жатқан құтқарушылар. Ақтөбе қаласы, 3 сәуір 2022 жыл
Саздының арнасын ағысты бөгейтін қоқыстан тазалап жатқан құтқарушылар. Ақтөбе қаласы, 3 сәуір 2022 жыл

Ақтөбеден 30 шақырымдай жердегі Қанағат ауылының тұрғындары да тасқын судан зардап шеккен. Қырдан келген тасқын арнасын бұру үшін Қанағат тұрғындары ауылдағы асфальт төселген жалғыз жолды бұзуға мәжбүр болғандарын айтады.

- Өткен түні өз ақшамызға экскаватор жалдап, асфальты үш жерден бұзып тастадық. Басқа амал болмады. 109-ға звондасақ "күтіңдер" дей береді. Төрт күннен бері естіп келе жатқан жауабымыз осы. Ең болмаса техника да жібермей отыр, - дейді Қанағат ауылының тұрғыны Құралай Қарина.

Қанағат ауылының тұрғыны Ғылман Сәтеннің айтуынша, биліктен қайран болмағасын бір топ адам өткен түні Самара-Шымкент тас жолын жауып наразылық білдірген. Содан кейін ғана Қанағатқа әкімдік өкілдері барып, мәмілеге келген. "Жол 15 минуттан соң қайта ашылды" дейді тұрғындар.

3 сәуірде Қанағатқа Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров барып, тұрғындарды сабырға шақырды. Шахаровтың сөзінше, Ақтөбеде әзір төтенше жағдай жарияланған жоқ. Тасқыннан келген шығын есептеліп бітпеген. "Ақтөбенің маңындағы барлық ауылдың жағдайы осындай" деген Асхат Шахаров тұрғындардан жолды жаппауды сұрады.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, тасқын басталғалы Ақтөбе қаласында 60-қа жуық үйді су басқан. Тас жолды су шайып кеткендіктен облыстағы бес ауыл: Байғанин ауданындағы Миялы мен Оймауыт, Қобда ауданындағы Өтек ауылы, Ойыл ауданындағы Ақшатау мен Көптоғай ауылдары көлік қатынасынсыз қалған.

Бұған дейін Қазақстанның батыс өңіріндегі Ақтөбе, Орал қалаларын еріген қар суы баса бастағаны хабарланған. Су тұрғын үйлерге кірген, көшедегі көлік қозғалысын шектеген, республикалық жолдарды да бүлдіріп, қатынасты қиындатқан. Ақтөбе қаласында бір бүлдіршін суға ағып кете жаздаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG