Accessibility links

Нұр-Сұлтанда бірнеше адам жеке пикетке шығып, билікке наразылығын білдірді


Жеке пикетке шығып тұрған Ботагөз Тұрлыбаева. Нұр-Сұлтан, 4 сәуір 2022 жыл
Жеке пикетке шығып тұрған Ботагөз Тұрлыбаева. Нұр-Сұлтан, 4 сәуір 2022 жыл

4 cәуірде Нұр-Сұлтанда бірнеше әйел Үкімет үйінің алдына жеке пикетке шығып, Қазақстан президенті мен үкіметіне наразылықтарын білдірді. Олар наразылықтарын жыл соңына дейін күн сайын жалғастыратынын айтты. Бірақ пикетке шыққандарды көп ұзамай Есіл аудандық полиция бөлімшесіне алып кетті.

Жеке пикетке шыққан Зинагүл Құтмәмбетова, Күләш Мәжкенова, Ботагөз Тұрлыбаева, Орынбасар Қалиева қолдарына "Тоқаевты Гаага трибуналына беруді талап етемін!", "Мен Тоқаевтың саясатына қарсымын. Мен террорист емеспін. Мен Назарбаев-Тоқаев режиміне қарсымын!", "Қазақ жігіттері террорист емес! Бостандық талап етемін!" деген жазуы бар плакаттар ұстаған.

70 жастағы Зинагүл Құтмәмбетова кейінгі бірнеше жылдан бері ұлдарына сот шешімі әділетсіз шыққанын айтып, Нұр-Сұлтанда түрлі акцияларға қатысып келеді. Ол 2001 жылы ұрлық жасап, сотталған 45 және 33 жастағы екі ұлының бірінен соң бірі көз жұмғанын айтады.

- Кіші ұлым Қызылорда абақтысында өлді. Үлкен ұлым түрмеде денсаулығынан айырылып, бостандыққа шыққан соң қайтыс болды. Әділетсіз сот шешімдерінің кесірінен ұлдарымнан айырылдым. Үкімет маған келтірген залалын өтесін,- дейді ол.

Құтмәмбетова қолына "Тоқаевты Гаага трибуналына беруді талап етемін!" деген плакат ұстап тұрды. Дәл сондай плакатпен 2-топ мүгедегі Ботагөз Тұрлыбаева да жеке пикетке шықты. Ол Қазақстандағы Қаңтар оқиғасынан кейін құрылған "Қазақстан халқына" қорынан шетелде көзін емдетуге ақша сұрағанын, көмек орнына емханаларға жібергенін, емхана үйіне қайтарғанын айтады.

- Мүгедектер 55 мың теңгеге күн көріп отыр. Олардың жәрдемақысын көтеруді талап етемін. Саяси тұтқындар мен Қаңтар оқиғасында жазықсыз қудаланғандар босатылсын,- деді ол.

Оның талабын 2-топтағы мүгедек Күләш Мәжкенова да қолдайды. Ал туған інісі 5 қаңтардан бері Талдықорған түрмесінде қамуда отырған Орынбасар Қалиева жазықсыз қамалғандарды босатуды талап ететінін айтты. Әділдік іздеп Нұр-Сұлтанға келген жалғыз басты әйел айға жуық қаладағы әр жерге қонып жүргенін, талабы орындалмай үйіне қайтпайтынын айтады.

Нұр-Сұлтандағы Есіл аудандық әкімдігінің аты-жөнін айтудан бас тартқан қызметкері келіп, жеке пикетке шыққандарға "акцияларының заңсыздығын, әкімдікке алдын ала хабар бермегенін" ескертті.

Пикетке шыққандарды жарты сағаттан астам уақыттан соң арнайы жасақ Есіл аудандық бөлімшесіне алып кетті. Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі "пикетке шыққандармен профилактикалық әңгіме өткізілетінін" айтты.

Ал ұсталғандар "қорғануға құқы бар куәгер" мәртебесімен жауапталып жатқанын, қандай іске куә ететінін айтпағанын, адвокат беру туралы талаптарының орындалмағанын хабарлады.

Нұр- Сұлтанда сот шешіміне келіспейтіндер мен мүмкіндігі шектеулі адамдар 2019 жылдан бері бірнеше мәрте наразылық акцияларын өткізген. Бірі сот шешімін қайта қарауды талап етсе, енді бірі мүгедектердің әлеуметтік жағдайын жақсартуды сұраған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG