Accessibility links

Қарағандыда ондаған үйді су басты


Қарағанды облысының картасы.
Қарағанды облысының картасы.

Қарағанды облысының әкімшілік орталығы Қарағанды қаласында мамандар жасанды бөгеттер мен қоршауларды жабдықтап, мықтап бекітіп жатыр. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, мұндай шаралар тұрғын үйлер мен аулаларды судан қорғайды.

Ресми мәліметке қарағанда, қала бойынша су басқаны жөнінде 194 хабарлама келіп түскен. Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерді де су басқан. Жеке сектордағы 27 үй, 21 жертөле мен бір дүкенге су кірген.

Қарағанды әкімдігі 5 наурызда түнде қаладағы үш қабатты тұрғын үйге қызыл су кіріп, электр энергия жүйесіне қауіп төндіргенін хабарлады. Сол себепті аталған кешенде жарық сөндірілген. Ал тұрғындарға баспаналарынан уақытша кетуге кеңес берілген. Басым бөлігі туыстарына барса, кейбірі жергілікті қонақ үйлерге орналастырылған.

Жергілікті билік 5 сәуірде коммуналды қызмет көп қабатты тұрғын үйлердің жертөлелерінен суды соруға дайындалып жатқанын айтты.

Қаланың кейбір көшелерінен су әлі кетпеген. Куәгерлердің айтуынша, судың деңгейі екі есеге ұлғайған. Қала халқы әлеуметтік желілерде тұрғындардың үйлеріне кіріп-шығуы қиындағанын көрсететін видеолар жариялады. Сондай видеолардың бірінде пакет ұстаған әйел үйіне кіруге талпынғанмен тізеден келген су оған кедергі жасайды. Ақпаратқа қарағанда, оқиға 5 сәуірде кешке қаланың жаңа бөлігіндегі Тәттімбет көшесінде болған.

Куәгерлер түсірген тағы бір видеода тұрғындарды подъезден шығаруға экскаватор көмектеседі.

Төтенше жағдай басқармасының айтуынша, жаңбыр суына арналған құбырлар еріген қар суын ағызып үлгермей жатыр. Билік сейсенбі күнгі брифинг кезінде көшеде арнайы техника жұмыс істеп жатқанын, шұңқырлар қазылып, құм толтырылған қаптар қойылып жатқанын хабарлады. Әкімдіктің болжамынша, екі күннен кейін судың деңгейі төмендейді.

"Бөгет бұзылмас үшін оған жасанды түрде ойық жасау туралы шешім қабылдадық. Осылайша су ағысын аулалар арқылы өткізіп, тікелей коллекторға бағыттауға күш салып жатырмыз. Неге оның алдын алмады деген заңды сұрақ туындайды. Бәрі бұл біздің әлсіз тұсымыз екенін біледі. Биыл ауа райының күрт жылынуының салдарынан даладағы судың бәрі келді. Ешкім бұлай болады деп ойлаған жоқ" деді Қазыбек би ауданының әкімі Нұрлан Рыстин.

Билік шығын жайлы мәлімет берген жоқ. Әкімдік су тасқыны аяқталғаннан кейін зардап шеккен аулаларды тазартып, қалпына келтіруге уәде берді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG