Accessibility links

Әшімбаев "Тоқаевқа қастандыққа Украинаның қатысы бар" тәрізді "алып-қашпа әңгімеге" сенбеу қажеттігін айтты


Журналистердің сұрақтарына жауап беріп тұрған сенат спикері Мәулен Әшімбаев. 7 сәуір 2022 жыл.
Журналистердің сұрақтарына жауап беріп тұрған сенат спикері Мәулен Әшімбаев. 7 сәуір 2022 жыл.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев "президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жасалған қастандық" бойынша тергеу амалдары аяқталмай жатып, оған "Украинаның қатысы бар" деген тәрізді "алып-қашпа әңгімелерге сенуге болмайды" деп санайды. 7 сәуірде Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген сенат спикері осылай деп мәлімдеді.

Бірнеше күн бұрын Ресейдің кейбір ақпарат құралдары "Тоқаевқа қастандықтың артында Украина қауіпсіздік қызметі тұр" деп тұжырымдаған. Азаттық тілшісінің "бұл тұжырым жөнінде не айтасыз" деген сұрағына сенат спикері:

– Мына мемлекеттен, ана мемлекеттен қастандық ұйымдастырылды, қадамдар болды деген мәселеге қазір жауап бере алмаймын. Және бұл мәселе бойынша тек қана ҰҚК-нің тергеушілері тергеу аяқталғаннан кейін ғана нақты ақпарат бере алады. Сондықтан бұл жерде Украина тарапынан болды екен деген ақпаратқа сене салуға негіз жоқ, – деді.

Бұған қоса, спикер "Тиісті тергеу жүргізіліп жатыр. Қастандықты ұйымдастырды деген адам уақытында ұсталды. Бұл жерде ҰҚК ақпарат таратпайынша "мына мемлекеттен болған екен" деп алып-қашпа әңгімелерге барудың керегі жоқ деп есептеймін" деді.

Үш күн бұрын ресейлік "StanRadar" сайты құпия дереккөзге сүйене отырып, "Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қастандықты Украина қауіпсіздік қызметі дайындады және қастандық жасаған адамның Қазақстан азаматтығынан бөлек Украина азаматтығы да бар" деп жазған. Сайт материалында дереккөздің нақты қандай мәліметке сүйеніп тұжырымдағанын да нақтыламайды. Аталған сайт Кремльді мадақтап, Ресейдің Украинадағы соғысын қолдап ақпарат таратады.

3 сәуірде Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Нұр-Сұлтан қаласында "шетел барлау қызметінің агенті" ұсталғанын хабарлаған. ҰҚК-ның айтуынша, "шетел агенті Қазақстан президентіне және бірқатар жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлерге қастандық жасауды жоспарлаған".

Қазақстанның өз ішінде Тоқаевқа жасалған "қастандық" пен оны "ұйымдастырғандар туралы" ақпаратқа күмәнмен қарайтындар көп.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG