Accessibility links

UzAuto Motors Ресейге көлік экспортын тоқтатты


Өзбекстанның көлік шығаратын UzAuto Motors компаниясы Ресей нарығына көлік жеткізуді тоқтатты. Осылай деп Eurasianet.org сайты хабарлайды.

UzAuto Motors өндіретін GM Chevrolet жеңіл көлігі Оңтүстік Кореяның микросхемасы мен жартылай өткізгішін пайдаланады. Өткен айда ресми Сеул Ресейге қарсы батыс санкцияларына қосылған.

Егер UzAuto Motors Ресейге көлік жеткізуді жалғастыра берген болса, Әндіжан зауыты бөлшек заттарсыз қалуы мүмкін деп жазады Euroasianet.

Детройттағы GM өкілі Euroasianet сайтына UzAuto Motors 9 наурыздан бастап Chevroletмаркалы көлігін Ресейге тасымалдауды тоқтатты деп жауап берді.

Экономист Отабек Бакировтің пікірінше, бұл көлік бағасының түсуіне әкелуі мүмкін.

"Ресей UzAuto Motors компаниясының басты тұтынушысы. 2009, 2014-15 жылдары әлемде экономикалық дағдарыс болған кезде, өзбекстандықтар қуанды. Себебі Ресейде сатылым бағасы түсіп, ішкі нарықта баға арзандаған" деп жазды экономист өзінің Telegram-каналында.

Былтыр Өзбекстан Ресейге 320 жеңіл көлік экспорттаған. Ал әлемнің 10 еліне 28 952 көлік сатып, 281,8 млн доллар пайда түсірген.

Қазақстан да Өзбекстан көліктерін негізгі сатып алушы елдердің бірі. Былтыр 26 970 көлік сатып алған екен. Украина болса, 448 көлік сатып алған.

Орталық Азия елдері Украинадағы соғыстан өздерін бейтарап ұстауға тырысса да, Ресейге қарсы санкциялардың кері әсеріне ұшырап жатыр. Ресей рублі құлдырағаннан кейін қазақстандық теңге мен қырғыз сомы кәдімгідей құнсызданды, экономистер аймақ экономикасы дамуы бәсеңдейтінін айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG