Accessibility links

Ақтөбеде қаңтар оқиғасына байланысты қамалған белсенді үйқамаққа шықты


Ақтөбедегі наразылық акциясы кезінде белсенді Жанна Есмұрзаеваны полиция ұстап әкетіп барады. Ақтөбе қаласы, 26 қазан 2019 жыл.

Қаңтар оқиғасынан кейін тергеу изоляторына қамалған ақтөбелік белсенді Жанна Есмұрзаева үйқамаққа жіберілді. Бұл жөнінде белсендінің туыстары хабарлады. Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Есмұрзаеваны үйқамаққа жіберу туралы сот шешімі 4 сәуірде шыққан.

Белсендінің інісі әрі қорғаушысы Ақылжан Қуантаевтың айтуынша, 4 сәуір күні сағат 22:00 шамасында изолятордан шыққан Жанна Есмұрзаева қазір өз үйінде балаларының жанында.

- Тергеу әпкемді митингіні ұйымдастырушы етіп көрсеткісі келеді. Әпкем алаңға мыңдаған адам жиналып тұрған кезде барған болса, ол қалай ұйымдастырушы болады?! Жанна - орысша оқыған адам. Ойын қазақ тілінде дұрыс жеткізе алмайды. Әпкемнің айтуынша, жиналған жұрт алдында пікірін айтпақ болып оқталғанда демонстранттар оны "орысша сөйлеме!" деп бірден тыйып тастаған. Егер ол ұйымдастырушы болса, көпке сөзін өткізе алмай тұрар ма еді?! Алаңдағыларға тамақ сатып алу үшін ақша жинаған дейді. Тергеу бір емес, бірнеше адамның тамаққа ақша жинағанын анықтаған. Солардың бәрі митингіні ұйымдастырушы ма?! Осының бәрін Жанна ұсталған сәттен бастап айтып келеміз, - дейді белсендінің інісі Ақылжан Қуантаев 7 сәуірде Азаттық тілшісіне.

"Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру" бабы бойынша айып тағылған Жанна Есмұрзаева биыл 11 қаңтар күнгі сот қаулысымен тергеу изоляторына қамалған болатын. Кәмелетке толмаған екі баланың анасын үйқамаққа жіберу туралы өтінішті Есмұрзаеваның қорғаушылары прокуратураға бірнеше мәрте жолдаған. Азаттық қаңтардың соңында тергеу соты коронавирусқа шалдыққан белсендіні үйқамаққа жібермегенін жазған.

Нотариус қызметкері 56 жастағы Жанна Есмұрзаева – Ақтөбеде өтетін наразылық акцияларының тұрақты қатысушыларының бірі. Митингілер кезінде ұсталған Есмұрзаева бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылған.

Ақтөбедегі наразылық акциясынан соң үстінен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынған 12 адамның арасындағы жалғыз әйел де осы Жанна Есмұрзаева.

Ақтөбе полициясының мәліметінше, қаңтар
оқиғасынан соң қалада 12 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу изоляторына қамалған. Одан бөлек сегіз ақтөбелік үйқамаққа алынған. Полиция екі істің терроризм бабымен тергеліп жатқанын хабарлады. Қамалғандардың басым бөлігі "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" күдігіне ілінген.

Бұған дейін құқық қорғаушылар қамалғандар арасында азаматтық белсенділер де барын айтып, билікті азаматтарды саяси белсенділігі үшін қудаламауға үндеген. Халықаралық ұйымдар Нұр-Сұлтанды қаңтар оқиғасын тәуелсіз сарапшылармен бірге жан-жақты зерттеуге үндеген. Билік халықаралық дәрежеде зерттеу жүргізуге қажеттілік жоқ деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG