Accessibility links

Атырау және Қызылорда облыстарының әкімдері ауысты


Атырау облысының әкімі болып тағайындалған бұрынғы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов.
Атырау облысының әкімі болып тағайындалған бұрынғы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов.

Бұрынғы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Атырау облысының әкімі болып тағайындалды. Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысының әкімі болды. Арнайы жарлықтар 7 сәуірде Ақорда сайтында жарияланды.

Бейсенбі күні Махамбет Досмұхамбетовтің – Атырау облысының әкімі, Гүлшара Әбдіхалықованың Қызылорда облысы әкімі қызметінен босағаны белгілі болды.

42 жастағы Серік Шәпкенов 2021 жылдың қаңтарынан бері еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған. Оған дейін 2020 жылдың маусымынан бастап еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болды. Оның алдында шамамен екі жыл Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.

Шәпкенов тұсында министрлік халыққа зейнетақы ақшасының бір бөлігін белгілі бір мақсаттарға жұмсауға рұқсат ете бастады. Бірақ ізінше зейнетақы ақшасын пайдалану мүмкіндігі шектелді. Кейбір белсенділер бұл өзгерістерді сынаған. Шәпкенов Атырау облысын шамамен екі жыл үш ай басқарған 61 жастағы Махамбет Досмұхамбетовті алмастырды. Досмұхамбетов өңірді басқарып тұрған кезде қатарынан үш орынбасары "пара алды" деген күдікке ілінген.

45 жастағы Нұрлыбек Нәлібаев 2021 жылдың сәуірінен бері премьер-министр кеңсесінде аймақтық даму бөлімінің меңгерушісі болған. Оған дейін 2013 жылдың ақпан айынан бастап Қызылорда қаласының әкімі болды. Ол облысты 2020 жылдың наурызынан бері басқарған Гүлшара Әбдіхалықованы алмастырды. Былтыр Маңғыстау мен Қызылорда өңірі қуаңшылыққа ұшырап, мал қырылған шақта Әбдіхалықова облысты басқарып тұрған.

Бейсенбі күні Жамбыл облысының да әкімі ауысып, облысты 2020 жылдың ақпанынан бері басқарған 69 жастағы Бердібек Сапарбаевтың қызметінен босатылып, оның орнына Нұржан Нұржігітовтің тағайындалғаны белгілі болды.

Ақорда сайтының хабарлауынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сапарбаев, Досмұхамбетов және Әбдіхалықоваға әкім ретінде атқарған қызметі үшін алғыс білдірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG