Accessibility links

Үкімет Алматыдағы президент резиденциясын бұзуға 6 млрд теңге бөледі


Қаңтар оқиғасы кезінде бүлінген президент резиденциясы. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде бүлінген президент резиденциясы. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл.

Қазақстан үкіметі қаңтар оқиғасы кезінде бүлінген Алматыдағы президент резиденциясын бұзуға 6 млрд теңге (қазіргі доллар бағамы бойынша 13 млн доллардан астам) қаражат бөледі. Бұл жөнінде 7 сәуірде қаржы вице-министрі Татьяна Савельева хабарлады.

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы президент резиденциясын наразылар басып алған. Ғимарат ішінде өрт болған. Ақпанда жергілікті ақпарат құралдары президент істері басқармасына сүйене отырып, ғимараттың бірінші қабатына "бүлікшілер көлік айдап кіріп, жарған, ғимарат өртенген" деп жазды.

Наурызда билік ғимаратты бұзу туралы шешім шығарған. Қайта жөндеу және даму жөніндегі қазақстандық көп салалы институттың директоры Жұмағұл Нугужинов президент телерадиокешені жариялаған фильмде ғимарат айрықша белгісінен айырылғандықтан оны толық сүру қажеттігін айтқан.

Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева 7 сәуірде "2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңға енгізілетін түзетулерді таныстыру кезінде "қаңтар оқиғасының салдарын жоюға" үкімет 31 млрд теңге қаражат қарастырып отырғанын айтты. 21 миллиарды Алматы мен өзге өңірлердегі шағын және орта бизнес субъектілерін қолдауға жұмсалады.

Алматыдағы Назарбаев көшесінің бойында орналасқан президент резиденциясы осыған дейін "Қазақстанның бірінші президенті – елбасының резиденциясы" ретінде республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізімінде болған. Наурыздың соңында оның тарихи ескерткіштер тізімінен алынғаны белгілі болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG