Украинаның Донецк облысы Краматорск қаласындағы вокзалға жұма күні зымыранмен соққы жасалып, кемі 30 адам қаза болды, жүзден аса адам жараланды.
Краматорск қаласы қазір Украина бақылауында. Донецк облысының губернаторы Павел Кириленконың айтуынша, зымыран шабуылы жасалған кезде вокзалда мыңдаған адам эвакуациялауды күтіп отырған.
Кириленко бастапқыда шабуыл Ресейдің "Искандер" ракетасынан жасалды деп мәлімдеген. Алайда зымыран бөлшектеріне қарағанда, соққы "Точке-У" зымыранымен жасалған. Украина президенті Владимир Зеленский "Точке-У" жөнінде ақпаратты растап, Ресей әскерін айыптады.
Ал өзін республика деп жариялап алған "Донецк халық республикасының" аумақтық қорғаныс штабы шабуылды Украина әскері жасады деп мәлімдеді. Ресей қорғаныс министрлігі Украинаны арандатып отыр деп кінәлап, "8 сәуірде Краматорск қаласына Ресей қарулы күштері соққы жасауды жоспарламағанын айтты". Олар "Точка-У" зымыранын тек Украина әскері қолданады деді.
Алайда Conflict Intelligence Team сарапшылар тобы бұған дейін Ресей жағы "Точка-У" өзінде жоқ деп мәлімдесе де, оны осы соғыста қолданғанын анықтаған.
Кейінгі уақытта Ресей Киев және Чернигов облысынан шегініп, Донбасс және Луганск облыстарына қарай жылжыған. Украина тарабы Ресей Донбасқа шабуылды күшейтпек деп халықты аймақтан кетуге шақырған еді. Осыдан соң бейбіт тұрғындар Донбастан басқа жаққа кете бастаған. Краматорск вокзалы – бейбіт тұрғындарды эвауациялауға арналған негізгі орындардың бірі.
ПІКІРЛЕР