Accessibility links

Германия президенті Путин мен Лавровты сотқа тарту қажеттігін айтты


Франк-Вальтер Штайнмайер.
Франк-Вальтер Штайнмайер.

Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Украинадағы әскери қылмысқа жауапты тұлғалардың бәрін, оның ішінде Ресей басшылығын да жауапқа тарту қажеттігін мәлімдеді.

Der Spiegel журналына берген сұхбатында Штайнмайер Ресей басшысы президент Владимир Путин мен сыртқы істер министрі Сергей Лавров Гаагадағы Халықаралық сот алдында жауап беруі тиіс деді. Оның пікірінше, Украинада қылмыс жасаған барлық әскери қызметкер, оларға бұйрық бергендер мен саяси шешімдерге жауапты (арасында Путин мен Лавров та бар - Ф.В.Ш) тұлғалар жазаға тартылуы тиіс. Штайнмайер Буча қырғынын еске алып, ол жақтан түсірілген жан түршігерлік кадрларға "қараудың өзі мүмкін емес" екенін айтты.

Гаагадағы қылмыстық істер жөніндегі Халықаралық сот Украинаның пікірінше, Ресей әскері жасады деген әскери қылмыстарды тергеуді бастап та кеткен. Алайда Ресей сотпен әріптестік танытуға ықылас білдірмеген. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков британдық Sky News арнасына берген сұхбатында Путинді халықаралық трибуналға тартуға негіз жоқ екенін айтқан.

Deutsche Welle басылымының жазуынша, кейінгі күндері неміс қоғамында сынға ілінген бұрынғы сыртқы істер министрі, қазіргі Германия президенті бұған дейінгі Ресеймен қарым-қатынасындағы қателіктерін мойындаған. Ол "Солтүстік ағыс - 2" жобасын қолдағаны үшін немесе Донбасс мәселесінде мәмілешіл ұстанымы үшін сынға ұшыраған.

Осыған дейін де Путинді Украинадағы соғысқа байланысты сотқа тарту туралы бірнеше рет бастама көтерілген және оны өте көп адам қолдаған.

Ресей билігі орыс әскері Украинада қылмыс жасап жатыр деген тұжырыммен келіспейді және ондай мазмұндағы хабарламаларды фейк деп атайды немесе жауапкершілікті Украинаға жүктейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG