Accessibility links

Алматыда полиция Ресей консулдығы алдында Буча қырғыны құрбандарын еске алған белсенділерді ұстап босатты


Ресей консулдығы алдында Буча қырғыны құрбандарын еске алған белсенділер. 9 сәуір 2022 жыл. Сурет Oyan, Qazaqstan қозғалысының Телеграм парақшасынан алынған.
Ресей консулдығы алдында Буча қырғыны құрбандарын еске алған белсенділер. 9 сәуір 2022 жыл. Сурет Oyan, Qazaqstan қозғалысының Телеграм парақшасынан алынған.

Алматыда полиция Ресей консулдығы алдында Буча қырғыны құрбандарын еске алу акциясына қатысқан Oyan, Qazaqstan белсенділерін ұстап, бірнеше сағаттан кейін босатты.

Oyan, Qazaqstan қозғалысының Телеграм парақшасындағы ақпаратқа қарағанда, белсенділер қолдары байлаулы күйі консулдық алдында жерде жатқан. Осылайша Украинаның Буча қаласындағы қанды қырғын құрбандарын бейнелеуге тырысқан.

Аdamdar.ca сайтының жазуынша, полиция оларды акция басталысымен бірден ұстай бастаған. Шара басталардың алдында Ресей консулдығы маңында көп полицей мен арнайы техника болған. Белсенділер ұстау кезінде "Фашистер" деп айқайлаған.

Ұсталған белсенділер арасында Әсем Жәпішева, Тамиля Анчуткина, Дархан Шәріпов, Ақбота Шәріпжанова бар.

Оларды Бостандық аудандық полиция басқармасына алып кеткен. Сенбі күні түстен кейін олардың босатылғаны белгілі болды. Белсенділермен полиция "түсіндіру әңгімелерін" жүргізген. "Медиазона" сайты барлығы бес белсенді ұсталып босатылғанын жазды.

Киев түбіндегі Буча қаласы сәуірдің басында Ресей әскерінен азат болып, қалада ондаған бейбіт азаматтың өлтірілгені мәлім болды. Мәйіттер арасында қолы артқа қайырыла байланғандар да болды. Қалада бауырластар зираты да пайда болған. Украина билігі 300-ден астам бейбіт тұрғынның опат болғанын айтады. Әлемдік қауымдастық бұл қылмысты жасаған Ресей әскері деп отыр.

Ресей Бучадағы бейбіт азаматтарды өлтірді деген айыпты жоққа шығарып, мұны "Украинаның арандатуы" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG