Accessibility links

BBC: Ресей Украинадағы операцияға жетекшілік еткен қолбасшыны ауыстырды


Александр Дворников (оң жақта).
Александр Дворников (оң жақта).

Киевтен шегініп, соғыста едәуір шығынға ұшырағанын мойындаған Ресей Украинадағы операцияға жетекшілік еткен қолбасшыны ауыстырды. Бұл жөнінде аты-жөнін айтпаған Батыс елдерінің өкіліне сүйенген британдық BBC агенттігі хабарлады.

Агенттік дереккөзінің айтуынша, Оңтүстік әскери округке жетекшілік еткен армия генералы Александр Дворников жаңа қолбасшы болып тағайындалған. Ол бұрын Ресей әскерінің Сириядағы қимылдарына жетекшілік еткен.

BBC-дің жазуынша, түрлі ресейлік әскери округтар арасында координацияның әлсіз болғаны Ресейдің Украинадағы соғыста қиындыққа ұшырауына себеп болған. Генерал Дворниковтың алдында жағдайды өзгертіп, координацияны күшейту міндеті тұр.

Ақпаратқа қарағанда, Ресей әскеріне 9 мамырға дейін Украинада қандай да бір "жетістікке жету" жөнінде тапсырма берілген. 9 мамырда Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путиннің қатысуымен әскери парад өтеді. Украина солтүстігінен әскерін әкеткен Ресейдің Донбасқа шабуыл жасауға шұғыл дайындала бастауын осымен түсіндіруге болады. Бұған қоса, Ресей басшылығы қабылдай алатын келіссөз нәтижесі де "жетістік" ретінде мойындалуы мүмкін.

Ресей қорғаныс министрлігі қолбасшының ауысуына байланысты түсініктеме бермеді. Ведомство сонымен бірге 24 ақпаннан бері операцияға кім жетекшілік еткенін хабарламаған.

  • Пентагонның мәліметінше, қазір Ресей Украинаға басып кірмей тұрған кездегі әскери қуатының 80-85 пайызына ие. Пентагонның тұжырымдауынша, оларға тағы шамамен 60 мың әскери қызметкер қосылуы мүмкін. Бәлкім, запастағы офицерлер есебінен толықтырылуы ықтимал. Ресей қорғаныс министрлігі операцияға тек офицерлер мен жалдамалы әскери қызметкерлер ғана қатысып жатыр дейді.
  • Батыс және Украина барлау қызметінің мәліметінше, Ресей әскері Донбастағы украин күштерін қоршап, соққы жасау үшін Донбасс пен Харьков облыстарына шоғырланып жатыр. Украина барлау қызметінің жетекшісі Кирилл Буданов Харьковке шабуыл жасалуы мүмкін екенін де жоққа шығармады.
  • Жуырда Ресей әскері Украина солтүстігіндегі үш облыс – Киев, Чернигов және Сумы облыстарынан толық кеткен. Мәскеудің түсіндіруінше, бұл жеңілгендіктен я болмаса стратегияны өзгерту үшін емес, бейбіт келіссөзді жеңілдету мақсатында жасалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG