Accessibility links

The Times: Финляндия мен Швеция биыл жазда НАТО-ға қосылғысы келеді


Ресейдің Украинаға басқыншылығына байланысты Финляндия мен Швеция биыл жазда НАТО-ға кіруді жоспарлап отыр. Бұл жөнінде Британияның The Times басылымы жазып, Америкадағы дереккөздеріне сілтеген. Бұл мәселе өткен апатада НАТО елдері Сыртқы істер министрлерінің кездесуінде талқыланған.

"Бұл - Ресейдің үлкен стратегиялық қатесі болды" дейді газеттің дереккөзі.

Егер бұл жоспар жүзеге асатын болса, Финляндия Ресеймен шекарасы ең ұзын (бір мың шақырымнан астам) НАТО мүшесі болады. Финляндия да, Швеция да Балтық теңізінің жағасында жатқан, теңіз ортасында көптеген аралдары бар елдер.

Екі елдің де бейтарап статусы бар. Швеция 200 жылдан бері ешбір одаққа кірмеген. Алайда Ресей агрессиясының ықпалымен екі елдің де қоғамдық ой-пікірі өзгеріп, НАТО-ға қосылуды қолдайтындар күрт көбейген.

Шведтің Aftonbladet газетінің мәліметінше, Швеция НАТО-ға кіру жөніндегі өтінішін биыл маусымның ортасында рәсімдейді және сол айдың соңына қарай-ақ Мадридтегі НАТО саммитінде мақұлдануы мүмкін. Стокгольм мен Хельсинки НАТО-ға бірге кіру үшін іс-әрекеттерін үйлестіріп отыр деп жазады газет.

Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Associated Press басылымына берген сұқбатында "егер Киев НАТО мүшесі болса, Ресей Украина жеріне басып кірмес еді" деген болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG