Accessibility links

Сарыағашта Әблязов туралы жазбаны бөліскен белсендінің үстінен қылмыстық іс қозғалды


Ғалымжан Қарабаев
Ғалымжан Қарабаев

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында белсенді Ғалымжан Қарабаев Facebook-тегі парақшасында қуғындағы экс-банкир Мұхтар Әблязов пен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы жазбаны бөліскені үшін полиция оның үйіне тінту жүргізді. Үйін тінту туралы аудандық соттың санкция беру жөніндегі қаулысында оның Қылмыстық кодекстің 405-бабымен (тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысу) "күдік туғызып отырғаны" жазылған.

Қарабаев сот санкциясымен де, өзіне тағылған айыппен де келіспейді. Оның сөзінше, Facebook парақшасында Әблязов пен Назарбаевтың портреттерін қойып, ел басқару мүмкіндіктерін салыстыратын басқа адамның постын бөліскен. Бірақ онда өз атынан ешбір пікір қалдырмаған.

- Тінту кезінде ұялы телефонымнан басқа ештеңе таппады. Тағылған айыппен келіспеймін, - дейді ол Азаттыққа.

Қарабаевтың үйін тінту туралы сот қаулысында істе "Экстремистік ұйымның ісіне араласу" бабымен құқық бұзғанын дәлелдейтін айғақ жеткілікті екені жазылған. Қарабаев парақшасында Әблязов туралы екі жазбаны бөліскен. Сот екеуін де сот-психологиялық-филологиялық сараптамаға берген. Сараптама белсенді бөліскен жазбалардың астананың Есіл аудандық сотының шешімімен бірнеше жыл бұрын экстремистік ұйым деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қатысы бар деп таныған.

Түркістан облыстық полиция департаменті Азаттыққа қылмыстық істің қозғалғанын растады. Қазір Қарабаев іс бойынша "қорғануға құқығы бар куә" екенін, сараптамалар тағайындалғанын, нәтижесіне сай күдікті не күдікті емес екені анықталатынын хабарлады.

Қаңтар оқиғасы кезінде Сарыағаш қаласындағы наразылыққа шыққан белсенді Ғалымжан Қарабаевты сот "митинг өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен 15 күнге қамап, әкімшілік жазаға тартқан.

37 жастағы Ғалымжан Қарабаев 2020 жылы белсенді Дулат Ағаділ Астанадағы (қазіргі Нұр-Сұлтан) тергеу абақтысында жұмбақ жағдайда көз жұмғалы бері саяси көзқарасын белсенді түрде білдіріп жүр. Өзінің айтуынша, Шымкентте наразылық өтетін күндері оны полиция үйінен шығармай сыртта күзетіп тұрады.

Қазақстан соты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) мен "Көше партиясы" қозғалыстарын 2018 және 2020 жылдары "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент екі ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқығы жайлы қарарында Нұр-Сұлтанды "экстремизмге қарсы заңдарды" қозғалыс жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған.

ҚДТ-ның негізін қалаушы – бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов 2020 жылы Франциядан саяси баспана алған.

Қазақстанда бұл екі ұйымға қатысты көп белсенді қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG