Бұрынғы энергетика министрі, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі Мағзұм Мырзағалиев "ҚазМұнайГаз" компаниясы (ҚМГ) басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды.
Бұған дейін ҚМГ-ны басқарған Алик Айдарбаевтың "денсаулығына байланысты" "өз еркімен қызметінен кету туралы" өтініш бергені хабарланған еді.
Айдарбаевпен бірге ҚМГ басшылығынан басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Данияр Тиесов те кеткен. Алайда ақпарат құралдарының жазуынша, ол "Самұрық-Қазына" қорына қарайтын KPI Inc компаниясының басқарма төрағасы болып қалған.
43 жастағы Мағзұм Мырзағалиев қаңтар ортасында президент кеңесшісі қызметіне тағайындалған. Оған дейін 2021 жылдың қыркүйегінен бастап энергетика министрі болды. Оның алдында екі жыл экология, геология және табиғи ресурстар министрі болды. Ақорда 14 сәуірде оның президент кеңесшісі қызметінен босатылғанын хабарлады.
- Мырзағалиев Жаңаөзенде екі айға жалғасқан, мұнай саласынан жұмысқа алуды сұраған тұрғындар наразылығынан кейін бірнеше апта өткен соң "ҚазМұнайГазға" басшысы болып тағайындалып отыр.
- Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда сұйытылған газдың қымбаттауынан басталған наразы көңіл-күйдің артуына энергетика министрлігі мен ҚМГ-ны кінәлаған. Ресми мәлімет бойынша Қаңтар оқиғасында кемінде 238 адам қаза болған. Қаңтар басында наразылық қызып тұрған кезде Мырзағалиев жұмыста "белгілі бір кемшіліктер" болғанын мойындап, халыққа сұйытылған газдың қымбаттау себебін түсіндіре алмағанын растаған.
ПІКІРЛЕР