Accessibility links

Шымкентте стадион орнына емхана салуға қарсы жұрт тағы наразылық білдірді


Стадион орнына жекеменшік емхана салуға қарсылық білдіріп тұрған тұрғындар. Шымкент, 14 сәуір 2022 жыл.
Стадион орнына жекеменшік емхана салуға қарсылық білдіріп тұрған тұрғындар. Шымкент, 14 сәуір 2022 жыл.

14 сәуірде Шымкент қаласы Абай ауданы Қызылжар ықшам ауданының ондаған тұрғыны стадионның орнына жекеменшік емхана салуды тоқтату туралы сот ұйғарымы шықса да құрылыстың тоқтамағанына наразылық білдірді. Ал компания өкілдері құрылыс жүріп жатыр деген мәліметті терістеді.

Бейсенбі күні емхана құрылысы жүріп жатқан бұрынғы стадион маңына жиналған қырық шақты адам құрылысшылардан құрылысты тоқтатуды талап етті. Наразылар құрылыс алаңына кірмек болғанымен, күзетшілер ішке жібермеді. Гүлістан көшесінің бойында наразылық білдіргендер қала әкімдігіне талаптарын айтты.

Ықшам аудан тұрғыны Махаббат Егембердиеваның сөзінше, бұл стадионда бес жүзге жуық бала жаттыққан. Қазір олардың бәрі дерлік далада қалды. Жаттығатын орын таппай сандалып жүр.

- Бір жарым жылдан бері стадионды қайтару үшін күресіп келдік. Бармаған жеріміз қалмады. Құрылысты тоқтату туралы сот ұйғарымы шықты дегенде қуанған едік. Қуанышымыз көпке бармады, құрылыс тоқтамай тұр. Сот ұйғарымына бағынбай жатыр, - дейді ол.

Қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 5 сәуір күнгі ұйғарымында стадион орнына құрылыс жүргізуге рұқсат алынбағаны жазылған. Дегенмен наразы жұрт құрылыс тоқтағанына сенбейді. Стадион орнын құрылысшылар қазып іргесін қалауға дайындағаны байқалады. Іргесін қалау үшін бетондар, құм тас сияқты құрылыс заттары да әкелінген. Аумақ қоршалған.

Ал емхана сала бастаған Medical Center Shubarsu жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сот ұйғарымынан кейін құрылыс тоқтағанын, қазір онда сүру, тазалау жұмысы жүріп жатыр деп сендірді.

Тұрғындар балалардың жалғыз жаттығатын орны стадионды қайтармайынша күнде наразылықты жалғастыратынын айтады. "Әкімдік халықтың үніне құлақ аспай, стадион орналасқан жерді жекеменшік компанияға берсе, компания құрылысты тоқтатпаса президентке шағымданамыз" дейді.

5 сәуірде қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты бұрынғы стадион орналасқан жер теліміне «құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат құжаттарын алуға және құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салынсын» деп бұйырған. Ұйғарым тез арада орындалуға жатады деп көрсеткен.

Қызылжар ықшам ауданы тұрғындары мен Medical Center Shubarsu компаниясы арасында "стадион аумағы үшін тартыс" былтырдан бері жалғасып келеді. 2021 жылы қазан айында жерді пайдалану және қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспектор қалалық әкімдіктің жерді аталған компанияға беру кезінде "заңбұзушылық анықталғанын" мәлімдеп, емхана салу уақытша тоқтатылған. Жергілікті жер қатынастары басқармасы да ізінше іс сотқа жеткенін, сот шешім шығарғанша құрылыс тоқтайтынын айтқан. Бірақ тұрғындардың айтуынша, құрылыс әлі тоқтамаған. Әзірге жердің кімге өткені белгісіз. Мамандар оны сот шешеді дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG