Accessibility links

Ақтөбеде Қаңтар оқиғасынан соң ұсталған тұрғынның қамау мерзімі ұзарды


Ақтөбедегі Қаңтар оқиғасы. 5 қаңтар 2022 жыл.
Ақтөбедегі Қаңтар оқиғасы. 5 қаңтар 2022 жыл.

Ақтөбеде Қаңтар оқиғасынан соң "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп айыпталған Абылайхан Бекеевті қамау мерзімі тағы бір айға ұзартылды. 12 қаңтарда ұсталып, үш айдан бері тергеу изоляторында отырған Бекеевтің адвокаты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына шағымданып, тергеу сотының қамау туралы қаулысын өзгертуді сұраған.

Бүгін яғни, 14 сәуір күні қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы шағымды қарап, тергеу сотының Бекеевтің қамау мерзімін бір айға созу туралы шешімін өзгеріссіз қалдырған.

- Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қаулыны өзгеріссіз қалдырды. Тергеу сотының бұл қаулысы 5 сәуір күні шыққан. Қаулы өзгермегендіктен Бекеев 12 мамырға дейін қамауда болады, -деп хабарлайды Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.

Айыпталушының әйелі Ирка Бекеева күйеуінің тергеу кезінде азапталғанын айтады. Бірақ дер кезінде шағымданбағандықтан азаптау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалмаған. Ирка Бекееваның сөзінше, қысым жасалып, азапталғаннан кейін күйеуі айыптау актісіне қол қоюға мәжбүр болған. Ол күйеуін жазықсыз деп санайды.

- Қамалғанына төрт ай болды. Тергеудің қолында нақты дәлел мен дәйек болмаса да қамау мерзімін ай сайын ұзарта береді. Бұл жолы сараптама қорытындысы дайын емес деп сылтауратты, - дейді Ирка Бекеева.

Қамалғанға дейін тас қалаушы болған Абылайхан Бекеев 27 жаста.

Қылмыстық кодекстегі 272-баптың 2-бөлігімен айыпталған ("Жаппай тәртіпсіздікке қатысу") Бекеевтің үш жастағы баласы бар.

2022 жылы қаңтардың басында газ бағасын 50 теңгеден асырмау туралы талаппен ереуілге шыққан Жаңаөзен тұрғындарын қолдау үшін Қазақстанның көптеген аймағында басталған акциялар біртіндеп саяси талап қойған наразылыққа ұласқан. Кейін бұл наразылық тәртіпсіздікке ұласып, ресми мәлімет бойынша, 238 адам қаза болды.

Оқиғадан соң мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адамның үстінен "жаппай тәртіпсіздік", "терроризм", "тонау", "қару ұрлау" баптарымен күдікке ілінген.

4 сәуірдегі бас прокуратураның мәліметі бойынша, Қаңтар оқиғасынан кейін қозғалған қылмыстық іс бойынша 152 адам сотталған. Оның 17-сі түрмеге қамалған. 733 адам қамауда отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG