Accessibility links

Ресейде наубайханалардың басым бөлігі санкциямен тыйым салынған жабдықтарды пайдаланады


Ульяновскідегі наубайхана.
Ульяновскідегі наубайхана.

Ресейде наубайханалардың 90 пайызға жуығы Еуропадан әкелінген жабдықтарда жұмыс істейді. Еуроодақтың бесінші санкциялар пакеті аясында оларды Ресейге тасымалдауға тыйым салынған. Құрамдас бөлшектерінің қоры бірнеше айға ғана жетеді деп жазды "Коммерсант" басылымы.

Басылымның хабарлауынша, қазір Ресей компаниялары Қытай мен Түркиядан балама тасымалдаушылар іздеп жатыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл ұн өнімдерінің қымбаттауына әсер етуі мүмкін.

Ұлттық нан пісірушілер одағының төрағасы Рустам Айтиевтің сөзіне қарағанда, ірі қалаларда нан пісірушілердің 80-90 пайызы еуропалық жабдықтарды пайдаланады. Ал аймақтарда бұл көрсеткіш 50-70 пайыз деңгейінде. Ол аталған жабдыққа қажет материал қоры бірнеше айға ғана жететінін атап өтті.

Айтиевтің айтуынша, жабдыққа қажет бөлшектерді алмастыру іс жүзінде мүмкін емес. Аталған бөлшектерді тасымалдайтын компаниялардың Ресеймен жұмыс істеуі неғайбыл. "Қарымта санкциядан қорыққан тасымалдаушылардың ешқайсысы үшінші мемлекет арқылы реэкспорттауға келіспейді" деді ол.

Наубайшылар және кондитерлер одағының вице-президенті Юрий Кацнельсонның пікірінше, тығырықтан шығуға параллель импорт көмектесуі мүмкін. Бұған дейін Ресей билігі контрсанкция шарасы ретінде осындай амалды заңдастырған. Мәселе өндірушінің рұқсатынсыз өнімдерді елге импорттау туралы болып отыр. Бұл шығынды көбейтіп, ақырғы өнімнің қымбаттауына әсер етуі мүмкін дейді сарапшылар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG