Accessibility links

Семей ядролық сынақ полигонында әскери борышын өтегендер үкіметтен мәртебе беруді талап етеді


Семей ядролық сынақ полигонында әскери борышын өтегендер үкіметтен мәртебе беруді талап етіп, митинг жасап тұр. Нұр-Сұлтан, 17 сәуір 2022 жыл.
Семей ядролық сынақ полигонында әскери борышын өтегендер үкіметтен мәртебе беруді талап етіп, митинг жасап тұр. Нұр-Сұлтан, 17 сәуір 2022 жыл.

Совет билігі тұсында Семей ядролық сынақ полигонында әскери борышын өтеген бір топ ардагер-солдат 17 сәуірде Нұр-Сұлтанда әскери мұражай алдына жиналып, билікке талап қойды.

Олар Қазақстан президенті Қасым Жомарт Тоқаевтан өздеріне Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірген мәртебе беріп, сәйкес жеңілдіктермен қамтамасыз етуді сұрады.

Семей ядролық сынақ полигонында әскери борышын өтеген полковник Қайырбек Құсайынов басынан өткен қиындығы мен полигонның зардаптары Чернобыль мен Ауған соғысына қатысушылардан кем емес екенін айтады.

- Біз он жылдан бері үкіметтен өзімізге назар аударуды, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестіріп, мәртебе беруді, денсаулығымызды жақсарту мен баспана алуда жеңілдік қарастыруды сұрап келеміз. Қатарымыз сиреді. Көбі мүгедек және ауру. Ал бізге “дәлелде” дейді. Бізді “ерекше тәуекел ету бөлімі” деп атады. Әскери комиссариаттарға барғандарға “ондай әскери бөлім жоқ” деп жауап берген. Бұл қалай сонда? - дейді ол.

Қайырбек Құсайынов өзінің Ресейдегі Подольскіге қарайтын 5265 әскери бөлімінде қызмет еткенін, оның Мәскеудегі 31600 бөлімшесіне тікелей бағынғанын айтады.

– Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ядролық қалқан осы Семей полигонында құралды. Ол жерге небір әскери техникалар әкеліп сыналды. Мен өзім тікелей қатыстым. Полигон жабылғанда ондағы қару-жарақты барлық әскери бөлімдерге бұйрыққа сай бөліп, таратқанның бірімін. Сол жердегі қауіпті ауамен демалдық. Сондықтан Семей ядролық сынақ полигонында әскери қызметін өтегендерді тікелей араласты немесе басқа деп бөлудің қажеті жоқ,-дейді ол.

Семей ядролық сынақ полигонында әскери қызмет атқарғандар өздерінің құқын қорғау үшін биылғы ақпанда “Қазақстан Республикасы Семей ядролық сынақ полигоны ерекше тәуекел етушілер бөлімінің ардагерлері мен мүгедектерінің қауымдастығы” деп аталатын қоғамдық бірлестік те құрып, конференция ұйымдастырған. Олар конференцияға проблеманы талқылау үшін қорғаныс министрлігінен шақырғанымен ешкімнің келмегенін айтып қынжылады.

Семей ядролық полигонында әскери қызмет еткендердің айтуынша, қазір республика бойынша көзі тірі 9 мыңнан астам ардагер қалған.

Қазақстанда баспана ала алмағандарын, контрактілері біткен соң далада қалғанын айтып шағымданатын әскерилер көп. Бірақ олардың талаптарына қол жетізетіндері некен-саяқ.

Семей полигоны 1991 жылы 29 тамызда жабылған. Мұнда Совет одағы 40 жыл бойы 468 ядролық қаруын сынаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG