Accessibility links

Украинаның батысындағы Львовқа шабуыл жасалды, 6 адам қаза тапты


Украинаның Львов қаласы.

Львовқа жасалған ракета шабуылынан алты адам қаза болып, сегіз адам жараланды деп хабарлады Львов әскери әкімшілігі басшысы Максим Козицький.

Оның сөзінше, Львовқа ракета түскен: үшеуі әскери объектілерге, біреу көлік дөңгелегін жөндейтін орталыққа тиген.

"Укрзалізниця" (Украина теміржолы) компаниясы да Львовта бірнеше ракета теміржол нысандарына түскенін айтқан.

Львов қаласы Украинаның батыс бөлігінде, әскери қақтығыс аймағынан алыс орналасқан. Қалаға бұған дейін де ракета шабуылы жасалған, бірақ ол кезде кісі қазасы туралы хабар болмаған.

Сонымен қатар, Киев, Днепропетровск пен Харьков облыстарына да шабуыл жасалғаны хабарланды.

Днепропетровск облысы әкімшілігінің басшысы Валентин Резниченко аймаққа екі рет ракета шабуылы жасалғанын хабарлады. Синельников ауданында екі адамның зардап шеккені айтылды. Резниченко бұл ауданда ракета инфраструктуралық объектіге түскенін, өрт сөндірілгенін мәлімдеді. Ал Павлоград ауданында ракета теміржолды бүлдірген.

Ресей бұл шабуылдар жайлы әлі ештеңе деген жоқ.

Сондай-ақ Харьковта тұратын журналист Мария Малевская "Настоящее время" телеарнасының эфирінде кейінгі күні Харьков облысына да шабуыл жасалғанын айтты.

"Қалада 40 жерде өрт шықты. Тұрғын үйлерден бөлек, балабақша да өртенді. Құтқарушылар мен өрт сөндірушілер өртті сөндіріп үлгермей жатыр" деді ол.

Украинаның шығысында шайқас әлі жүріп жатыр. Луганск облысы әкімшілігінің басшысы Сергей Гайдайдың хабарлауынша, Ресей күштері Кременная қаласына кірген. Екі ел әскері қала көшелерінде атысып жатыр.

Ресей әскерінің қоршауында қалған Мариупольде Украина күштері "Азовсталь" зауыты аумағын әлі де бақылауда ұстап отыр. Ұлыбритания барлауы қызметінің дерегінше, Украина күштерінің жақсы ұйымдасуы Ресей әскерін тығырыққа тіреп, оның өзге аймақтарға шабуылын тежеген. Бірақ Ресейдің Мариупольді басып алуға үлкен күш жұмсауы қала халқына ауыр тиді. Украина билігі де, Ресей қолдайтын сепаратистік "ДХР" өкілдері де қалада мыңдаған адамның опат болған дейді. Бірақ әзірге нақты санын айтпады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG