Accessibility links

Баспана сұраған көпбалалы әке Ақордаға тағы келді. Осыған дейін ол Ресейден де көмек сұраған


Биліктен баспана сұрап жүрген Бағлан Орынбеков Нұр-Сұлтанда. 18 сәуір 2022 жыл.
Биліктен баспана сұрап жүрген Бағлан Орынбеков Нұр-Сұлтанда. 18 сәуір 2022 жыл.

Оңтүстіктен солтүстікке қоныстандыру бағдарламасы аясында Шымкенттен Павлодарға көшіп барған Бағлан Орынбеков баспана мәселесін айтып Ақордаға тағы келді. Осыған дейін астанадағы лауазымды қызметкерлер мәселенің шешілгенін айтып, қоныстанған аймағына қайта жіберген.

Шариғат заңына сүйеніп, екі әйел алған Орынбеков 15 баласы барын айтады. Айтуынша, қоныстандыру бағдарламасымен Павлодар облысы Ертіс ауданына барғанда жергілікті билік жұмыспен де, баспана мәселесімен де көмектеспеген.

Шымкент тұрғынының бұл мәселені көтеріп жүргеніне бір жылдан асты. Ақордаға бірнеше рет шағымданып келген. 2021 жылы мамырда балаларын әкеліп, полиция құрсауына да түскен.

Орынбеков 17 сәуір күні Нұр-Сұлтанға қайта келіп, президент әкімшілігі жетекшісі Мұрат Нұртілеумен кездесіп көруге бекінген. Ақорда өкілі арызын қабылдап алған, бірақ президент әкімшілігінің жетекшісі Мұрат Нұртілеуге кіре алмайтынын, ол үшін жеке арыз жазу керегін айтқан.

– Мені Ертіс ауданы әкімшілігі "жер жоқ" деп кері қайтарды. Ал мен астанаға келген соң президент әкімшілігінен хабарласса, "өзі кетіп қалды" деп жалған айтып жатыр. Шымкентте екі отбасыммен бір бөлмелі пәтерде тұрамын. Баламның алды 16 жаста, кішісі 6 айлық. Әр пәтерге бір көшіп жағдайым әбден кетті. Балалар да қайта-қайта мектеп ауыстырып, сабақтары нашарлады, – дейді ол.

Көп балалы әке солтүстікке көшерде мал асырап, егін егу арқылы бала шағасына көже-қатық тауып беруді мақсат тұтқанын айтады. Орынбеков Ақорда алдына биыл ақпанда да келген. Ол кезде Азаттықпен сөйлескенде соның алдында президенттің сол кездегі көмекшісі Тамара Дүйсеновамен кездескенін, мәселесі шешілетін болып, Павлодар облысына қайта барғанын айтады.

Бірақ облысқа барғанда ешнәрсе өзгермеді дейді ол. Орынбековтің айтуынша, Ақордаға келе берген соң құқық қорғау органдарынан қысым көре бастағанын айтады.

– Мен жер таңдап отырғам жоқ. Шығыс Қазақстанға да барғым келген. Бірақ ҰҚК (Ұлттық қауіпсіздік комитеті – Ред.) өкілдері ылғи соңыма түседі, барған жерім құжатымды кері қайтарады, не әлдебір сылтау айтады. Шаршадым. "Экстремистсің" дейді. Менен қандай "экстремист" шығады?! – дейді ол.

Бағлан Орынбеков жағдайы туралы БҰҰ-на да шағымданғанын айтады. Ол жақтан да, Қазақстанның бас прокуратурасынан да әзірге жауап алмаған. Шарасыздық қысқан Орынбеков тіпті Ресей бас прокуратурасына да хат жазғанын, Қазақстанда құқығы бұзылып жатқанын, көмектесуді сұрағанын айтады.

– Амалым жоқтықтан Ресей бас прокуратурасына хат жолдадым, олар оны біздің бас прокуратураға жіберіпті, – дейді ол.

Азаттық Орынбековтен Ресейге не себепті жүгінгенін сұрағанда, Мәскеудің Нұр-Сұлтанға ықпалы бар екенін, соған сүйенгенін, тіпті БҰҰ-ға шағымданғанын айтады. Қазақстанда әлеуметтік мәселесін жергілікті деңгейде шеше алмаған азаматтар Нұр-Сұлтанға келіп орталық мемлекеттік органдар алдында, Ақорда түбінде жиі наразылық өткізеді. Олар мемлекет беретін жәрдемақының аздығын айтып, баспана мәселесін шешіп беруді сұрайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG