Accessibility links

АҚШ спутникке қарсы қару сынағына мораторий жариялады


Спутникті атып түсіретін қаруды сынау. Көрнекі сурет.
Спутникті атып түсіретін қаруды сынау. Көрнекі сурет.

АҚШ спутникті жоятын қару сынағын өткізбеу туралы біржақты міндеттеме алып, басқа елдерді де осыған қосылуға шақырды. АҚШ вице-президенті Камала Харрис АҚШ әскери әуе күштерінің Калифорния штатындағы Ванденберг базасында осы мораторийді жариялады.

"АҚШ бүгіннен бастап спутникке қарсы зымыран сынағын өткізбеуге міндеттеме алатынын қуана жариялаймын. Қысқасын айтқанда, мұндай сынақтар өткізу қауіпті, біз ондайды өткізбейміз" деді Харрис.

"АҚШ әлемде мұндай міндеттеме алған алғашқы ел" деп мәлімдеді Ақ үй. Вице-президент Харристің сөзінше, Америка "мұны ғарыштағы жауапты іс-әрекеттің жаңа нормасы ретінде орнықтыру үшін басқа елдермен бірге жұмыс істейтін болады".

2021 жылғы қарашада Ресей қорғаныс министрлігі 1982 жылдан бері Жер орбитасында жүрген, істен шыққан ресейлік ескі ғарыш аппаратын дәлдеп атып, сынақты сәтті өткізгенін хабарлаған. Вашингтон Ресейдің сынағынан кейін халықаралық ғарыш станциясы маңында қоқыс жиналып қалғанын мәлімдеген.

Еуропа одағының сыртқы байланыс жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель спутникті жоятын қаруды сынаған Ресейдің қылығын Еуроодақ "айыптайды" деп мәлімдеген. Осыған ұқсас сынақты Қытай мен Үндістан да өткізген. Associated Press агенттігінің дерегінше, АҚШ спутникке қарсы қаруды 2008 жылы сынап көрген.

Ақ үй мәлімдемесінде спутникке қарсы қару сынауды "қауіпті әрі жауапсыз" әрекет деп атаған. Ондай сынақ астронавтарға, қауіпсіздік үшін аса маңызды спутниктер мен өзге де ғарыш нысандарына, сонымен бірге түрлі елдердің экономикалық және ғылыми мүддесіне қауіп төндіреді дейді АҚШ әкімшілігі.

АҚШ ғарыш аппараттарын зымыранмен атып түсіру сынақтарын 1950-жылдардың аяғында бастаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG