Ресей әскерінің Мариуполь қаласын қоршауда ұстауы Киев пен Мәскеу келіссөзін одан бетер қиындатып жіберді, деп мәлімдеді Украина президенті кеңсесінің өкілі Михаил Подоляк.
Жанжалдасушы тараптардың тікелей кездесуі енді қашан болатынын айту қиын дейді шенеунік. Ресейдің Донбасстағы шебін жаңа шабуылдармен нығайтуға ұмтылысы да келіссөздерге кедергі келтіріп отыр, деп мәлімдеді Подоляк.
19 сәуірде ДХР деп аталатын қарулы топтар "Азовсталь" металлургия комбинатын тағы да шабуылдайтынын жариялады. Бұл комбинат Мариуполь қаласының Ресей күштеріне қарсылық ошағына айналған. Жікшілдер әскери тобы басқарушылардың өкілі Эдуард Басуриннің айтуынша, нысанға шабуылдайтын топ арнайы іріктеуден өткен, оған "Ресей Федерациясы көмегін аямайды".
Сейсенбі күні Ресей қорғаныс министрлігі "Азовсталь" комбинатын қорғап жүрген украин жауынгерлерін өз еркімен берілуге шақырды. Сәуір басынан бері Ресей Мариуполь қорғаушыларына осымен үшінші мәрте үндеу жасап отыр.
Украина ұлттық гвардиясының құрамындағы "Азов" полкінің өкілдері Азаттыққа Ресей әскері "Азовсталь" комбинатын "бомбалап, тұтас жойғанын" хабарлады. Оның айтуынша, көп адам үйінді астында қалған.
Ресей әскері мен "Донецк халық республикасы" деп аталатын жікшілдер Мариуполь қаласын наурыздың басында қоршауға алған. Содан бері қалада кескілескен ұрыс жүріп жатыр. Мәліметке қарағанда, Марипуольде үш мыңға жуық украин сарбазы бар. Олардың дені - "Азов" батальоны мен теңіз құрлық әскерінің 36-бригадасының сарбаздары.
- Украина президенті Владимир Зеленский дүйсенбі күні Ресей армиясы Донбассқа ірі шабуыл бастады деп мәлімдеген. Украина ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Алексей Даниловтың айтуынша, Ресей армиясы 24 сәуір күнгі Пасха мерекесіне дейін Донецк пен Луганск облыстарын тұтас жаулап алғысы келеді.
- Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ресей Украинаның Донецк және Луганск облыстарын бақылауға алу үшін Украинада соғыстың жаңа кезеңін бастайды деп мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР