Accessibility links

Сот салымшы өзін өртегеннен кейін "қаржы пирамидасы ісі" бойынша күдіктілерді қамауға алды


Ішкі істер министрлігі алдында өзін өртеген әйелді өшіріп жатқан адамдар. Нұр-Сұлтан қаласы, 11 сәуір, 2022 жыл. Скриншот.
Ішкі істер министрлігі алдында өзін өртеген әйелді өшіріп жатқан адамдар. Нұр-Сұлтан қаласы, 11 сәуір, 2022 жыл. Скриншот.

Алматы полициясы 20 сәуірге қараған түні "Mudarabah Capital компаниясының ісі" бойынша күдікке ілінген вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовты қамауға алды. Полицияның баспасөз хабарламасында олардың қашан және нақты қай уақытқа дейін қамалғаны жайлы мәлімет айтылмаған. Полиция хабарламасы астанада қаржы пирамидасынан зардап шеккен әйел өзін өртегеннен кейін шамамен бір апта өткен соң тарап отыр.

Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі 20 сәуірде Төребаев пен Шерниязовтың кепілпен бостандықта жүру шарасы он күндік қамауға ауыстырылғанын хабарлады. Соттың айтуынша, тергеу органдары оларды екі айға қамауға негіз беретін материалдар ұсына алмаған.

"Қосымша дәлелдер мен материалдар жинақталса, тергеу органдарының қамау мерзімін ұзарту туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқығы бар" деді қалалық соттың баспасөз қызметі.

Қаржы пирамидасынан зардап шеккен әйел Бағила Досмайылова 11 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында ішкі істер министрлігінің ғимараты жанында өз-өзін өртеген. 32 жастағы әйел жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген.

Mudarabah Capital қаржы пирамидасына байланысты қозғалған қылмыстық істе жәбірленуші танылған Досмайылова өзіне от қоярдан бұрын Instagram парақшасына "егер өлсем, істі жабуға тырысып отырған Алматы полициясы департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов кінәлі" деп жазған. Бұған қоса, Mudarabah Capital компаниясын жарнамалаған вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовты жауапқа тартуды талап еткен.

Алматы полициясы департаментінің мәліметінше, Төребаев пен Шерниязов аталған компанияға қозғалған қылмыстық іс бойынша күдікті танылған. Алматы қалалық полицияның тергеу басқармасы "Қаржы пирамидасын құру және оған жетекшілік ету" бабы бойынша тергеуді жүргізіп жатыр.

Ірі вайнерлердің "қаржы пирамида ісіне" тартылғаны туралы ақпарат ақпан айында пайда болған. Төребаев пен Шерниязов кепілмен босатылған. Вайнер Әзімжан Сайытбаевқа іздеу жарияланған. Тергеу болжамынша, вайнерлер Mudarabah Capital компаниясын жарнамалауға қатысып, компанияға бірігіп иелік еткен. Қамауға алынбай тұрып Төребаев видео жазып, өзінің бостандықта екенін хабарлаған. Бұған қоса, өзінің де жәбірленуші екенін алға тартып, компаниядан ақша алмағанын айтқан.

Жергілікті БАҚ хабарына қарағанда, Досмайылованың отбасы қаржы пирамидасына 20 миллион теңгесін берген (шамамен 45 мың долларға жуық).

  • 8 сәуірде үлескерлер Алматы полициясы ғимаратының алдына пикетке шығып, "тергеу әділетсіз" деп полицияны кінәлаған. Олар қылмыстық істі жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросы мен ішкі істер министрлігінің тергеу департаментіне беруді талап еткен.
  • Салымшы астанада өзін өртегеннен кейін Рустам Әбдірахманов Фейсбук желісінде аталған қылмыстық іс бойынша 14 адам күдікті танылғанын, екеуіне халықаралық іздеу жарияланғанын жазған. Ақпаратқа қарағанда, алтауы қамауға алынған, үшеуі "кепілмен босатылған" (арасында вайнерлер де бар). Тағы екеуі үйқамақта, біреуі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған.

Видео: Өзін өртеген әйел ауыр халде ауруханада жатыр (12 сәуір 2022 жыл).

Өзін өртеген әйел ауыр халде ауруханада жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:56 0:00

XS
SM
MD
LG